Антикор Қазақстанның Олимпиадада төмен нәтиже көрсету себебін анықтады
Фото: prosports.kz
prosports.kz
Қазақстан жаңалықтары8 қазан 2024, 18:00

Антикор Қазақстанның Олимпиадада төмен нәтиже көрсету себебін анықтады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау нәтижесін жариялады. Талдау қорытындысында елдегі спорттың дамуы мен әлемдік деңгейдегі спорт сайыстарында жоғары нәтижеге жету жолында кедергі келтіретін жүйелі жемқорлық тәуекелдері бар екені белгілі болды. Елімізде кейінгі 6 жылда спорт саласын қаржыландыруға шамамен 1,4 триллион теңге бөлінген. 2018 ж. – 165 млрд теңге, 2019 ж. – 204 млрд теңге, 2020 ж. – 177 млрд теңге, 2021 ж. – 223 млрд теңге, 2022 ж. – 296 млрд теңге, 2023 ж. – 340 млрд теңге. Осы және алдағы екі жылда тағы 1,3 триллион теңге бөлу жоспарланған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Антикор отандық спортқа бөлінген қаржы Орталық Азия және алыс шет елдердің ішінде Канада, Норвегия, Нидерланд бюджеттерінен бірнеше есе артық екенін айғақтап, саладағы жетістіктер көңіл көншітпейтініне назар аударған.

Мәселен, Қазақстан Олимпиада ойындары бойынша медальдық есепте 2020 ж. – 83 орын (8 – қола), 2022 ж. – 0 медаль, 2024 ж. – 43 орын (1 – алтын, 3 – күміс, 3 – қола) және Дүниежүзілік спорт рейтингінде (2014 ж. – 25 орын, 2018 ж. – 47 орын, 2023 ж. - 42 орын) осы ретпен төмен сырғи берген.

Агенттік спорттағы құлдыраудың бірнеше факторын анықтаған. Соның алғашқысы - қаржыландырудағы теңгерімсіздік. Елдегі спорттық саясат шетелдіктерді тарту арқылы аз уақыттағы нәтижені көздеген. Сәйкесінше өз таланттарымызға жеткілікті деңгейде қолдау көрсетілмеген. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан олимпиадалық спорт түрлерінен 126 легионерді сапқа қосқан. Уақыт өте келе аталған 126 спортшы елдеріне қайта оралған. Сондай-ақ бұқаралық спортқа басымдық берілмеуі де отандық спорттың теңселуіне сеп болып тұр. Мәселен, Қазақстанның бұқаралық спортқа жұмсаған шығыны жоғары жетістіктер спортына қарағанда 9 есе аз болып шыққан.

Спорттық жетістігі жетерлік елдердің тәжірибесі керісінше. Олар бұқаралық спортты сүйемелдеу арқылы әлемдік аренада жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген. Нидерландта (17,8 миллион) бұқаралық спортқа жұмсалатын шығындар кәсіби спортқа (246 миллион доллар) қарағанда 2 есе көп (497 миллион доллар). Ал Қазақстан осы елмен салыстырғанда жоғары жетістіктер спортына 3 есе көп, ал бұқаралық спортқа 7 есе аз қаржы жұмсайтыны анықталған.

Формальдық көрсеткіштер. Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына енгізілген бұқаралық спорт түрлерін дамыту көрсеткіштері формальды сипатқа ие.Мысалы, әкімдіктер жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық-бұқаралық іс-шара, күніне орта есеппен 3 іс-шара өткізуі тиіс.

Бұлыңғыр басымдықтар. Антикор талдауына сәйкес, елімізде жоғары жетістіктер спортында басым спорт түрлерінің болмауына байланысты танымал емес және нәтижесіз спорт түрлері қаржыландырылған.

2023 жылы спорттың 31 түрінен бірде-бір медаль жоқ. 2024 жылы қаржыландырылатын бағыттардың саны 141 түрге дейін өскен.

Шетелде спорттың «нүктелік» бағыттарына басымдық берілетінін ескерсек, (Ұлыбританияда жазғы Олимпиада ойындарының 19 түрі, Германияда – 18, Австралияда – 12) осы тәжірибені қолданудың тиімділігі айқындалады.

Антикор спорт Жемқорлық Туризм және спорт министрлігі

Тақырыпқа жаңалықтар