Ақтауда тегін балмұздақ таратқаны үшін Роза Рымбаева жаза арқалады
Ақтауда балаларға тегін балмұздақ таратуды жөн көріп, басы дауға қалған кәсіпкер айыппұл арқалады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұған дейін әлеуметтік желіде балмұздаққа таласқан халықтың бейнесі тарады. Осы қоғамдық тәртіпсіздіктен кейін жергілікті кәсіпкер жазаланды.
«Балаларды қорғау» күніне орай балалар киімі дүкенінің иесі Роза Рымбаева Ақтау балаларына тегін балмұздақ беруді жөн көреді. Бірақ қайырымдылық акциясы дүрбелеңге айналды. Балалар ғана емес ересектерде балмұздаққа таласып қалды.
Ақтау әкімдігі балмұздақ тарату акциясы заңсыз болғанын және кәсіпкер әйелге айыппұл салынғанын хабарлады. Іс-шара алдын ала ескертусіз және жергілікті атқарушы органмен келісусіз өткізілді.
«Дүкен иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 488-1-бабына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады Ақтау әкімдігінің баспасөз қызметі.