Ақтөбеде 7 айлық сәбидің өлімінен соң дәрігерлер қатаң сөгіс алды
Фото: Pixabay.com
Pixabay.com
Қазақстан жаңалықтары10 қыркүйек 2024, 12:00

Ақтөбеде 7 айлық сәбидің өлімінен соң дәрігерлер қатаң сөгіс алды

Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тұрғыны 7 айлық сәбиінің өлімінен соң дәрігерлердің жазалануын талап етіп отыр. Баланы таксимен тасымалдап, орталыққа хабар бермеген ақ халаттыларға қатаң сөгіс жарияланды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Шалқар ауданы Бершүгір ауылының тұрғыны Арман Жұбанышев баласының өліміне дәрігерлерді кінәлап отыр, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Оның айтуынша, дәрігерлер санавиация шақырмай, баланы таксимен тасымалдап, уақыт өткізіп алған.

— Балам 2023 жылдың қараша айында өмірге келді. Әйелім кесір тілігі арқылы босанды. Ота Шалқар қаласында жасалды. Әйелім бір апта сол перзентханада жатып, баламды Ақтөбе қаласына алып кетті. Себебі баламның соқырішегі тесік деп айтты. Содан үлкен дәрет үшін ішегін сыртына шығарып қойды. Ол өзі шала туды, салмағы 1 келіден сәл асты. Сөйтіп бірінші отадан кейін салмақ қосу қажет болды. Арада 6 ай өткенде салмақ қосып, тағы ота жасалды. Жақсы болып, үлкен дәреті жүрді. Ал биыл 24 маусым күні Бершүгір ауылының дәрігерлері Шалқар қаласына жіберді. Сол жерде медбике ұлымның қызуы көтеріліп тұрғанын айтып, бір ғана дәрі берген. Бір күннен соң «Ақтөбеге алып кетеміз, жағдайы ауыр» деп келіншегім екеуін таксиге мінгізеді. Шалқардан Ақтөбе қаласына шыққан кезде жолшыбай ауылдың дәрігеріне әкеледі. Ол «ештеңе істей алмаймын» дейді. Содан Ембі қаласына келеді. Жан-жаққа хабарласып, шу шығарған соң Ембіге санавиация келеді. Түнде дәрігер хабарласып, «дайындала бер, жағдайы қиын» деп айтады. Ал 26 маусым күні бала қайтыс болды. Ембіден алып, сараптама жасатуға апардым. Сараптама қорытындысы бар. Сол сараптама қорытындысы қолға тиген соң біз сотқа бердік. Прокуратураға да арыз жаздым. Екі ай тып-тыныш болды. Ешкім кешірім сұрамады, - деді Арман Жұбанышев.

Осы оқиғадан соң Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасында тексеріс жүріп, Шалқар аудандық және Ембі қалалық ауруханасының бас дәрігерлері жазаланды.

— Ақтөбе облысы бойынша медициналық және фармацевтикалық комитеті де тексеріс жүргізді. Қорытындысына сәйкес шаралар қабылданды, бас дәрігерлерге қатаң сөгіс берілді. Бала ішек инфекциясының асқынуынан қайтыс болды. Шала туған, салмағы өте аз. Жүрек потологиясы болған. Үш ота жасалған. Осы жағдайлардан кейін асқыну пайда болған. Қазір тергеу жүріп жатыр. Аудандық аурухана баланың жанына медициналық қызметкер ертіп, облысқа тасымалдамақ болған. Орта жолда денсаулығына нашарлап, бала Ембі қалалық ауруханасына жатқызылды. Сол арада консилиум тағайындалып, санавиация жіберілді, көмек көрсетті. Алайда бала тасымалдауға келмеді. Өкінішке қарай денсаулығына байланысты сол жерде көз жұмады. Таксимен тасымалдау заңды емес. Аудан облыстық басқармаға хабар берілмеген басында, — деді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Әлия Шарбакова.

Ақтөбе Шалқар сәби өлімі дәрігерлер

Тақырыпқа жаңалықтар