Атырау облысында кәсіпкерлер грант қаржысын мақсатсыз жұмсаған
Атырау облысында 21 кәсіпкердің қайтарымсыз грант қаржысын мақсатсыз жұмсағаны анықталып отыр. Енді олар грант қаржысын бюджетке қайтарады. Атырау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Сәттіғұл Сабыровтың мәліметіне сүйенсек, мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз грант түрі көп, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Кәсіп бастау үшін бизнес жоба ұсынғандарға мемлекеттен қайтарымсыз грант қаржысы «Даму» қоры арқылы беріліп келеді. Мұндай қаржы ұсынылған жобаларды іске асыруға жұмсалуы тиіс. Алайда, мониторинг қорытындысымен ұсынылған бизнес жобалардың іске асырылмағаны, грант қаржысын қолма-қол жұмсау дерегі анықталды. Қайтарымсыз грант қаржыны көзделген мақсатқа пайдалану талабы орындалмай отыр. Сол себептен, 21 кәсіпкерлік субьектісінен грант қаржысын бюджетке қайтару үшін сотқа талап қою арызы жолданған еді. Осы кезге дейін 13 кәсіпкерге қатысты сот шешімі шықты. Сот шешіміне сәйкес 13 кәсіпкер 20 млн теңгеге жуық қаржыны бюджетке қайтаруы тиіс», - дейді Сәттіғұл Сабыров.