Қазақстан жаңалықтары9 қараша 2023, 9:00

Ауылда алты тіл білетін ұстаз мектепте сабақ береді

Түркістан облысының Келес ауданындағы Ө. Жәнібеков атындағы №2 мектеп-гимназиясында ағылшын тілінен сабақ беретін Гаухар Бахадырова 6 тілді жетік біледі, - деп хабарлайды Arbat.media.

Полиглот ұстаздың сабағына оқушылар белсенділікпен қатысады. Себебі, мұғалім қызықты да ерекше тәсілдерді көп қолданады. Сондықтан кейде 45 минуттың қалай өткені де байқалмай қалады.

«Балаға бағыт беріп, қызықтыра білсең, ол сені таңғалдырудан жалықпайды. Сабақ бергенде оқушылардың ең бірінші сыни тұрғыдан ойлану, өзін-өзі оқыта алу, қалыптасу тұрғысындағы дағдыларын ескеремін. Содан кейін білім беру дағдысына жүгінемін», - дейді Гаухар Бахадырова.

Ол М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ағылшын және неміс тілі пәні бойынша білім алған. Екінші курста оқып жүргенінде «Академиялық ұтқырлық» жобасы аясында Испанияның Кадис қаласындағы Erasmus Mundus университетіне тәжірибе алмасуға барады. Сол сәтте оқу орны жас студенттердің шетелде 6-ай білімін жетілдіруге мүмкіндік берген. Еңбекқорлығының арқасында өз білімін көрсете алған бойжеткен тағы 2 жылға келісімшартты ұзартады. Содан Испанияда жүріп Испан тілін үйренеді. Ал орыс тілін оқушы кезде-ақ меңгеріп алған болатын. Кейін, оқуды бітіріп диплом алған соң, қазақ-түрік лицейіне қызметке орналасады. Жұмыс істеп жүріп, түрік тілінде сөйлеуге дағдыланады.

Гауһар Бахадырова мектептегі сабақтарында тек ағылшын тілінде сөйлейді. Оқушылары да соған бейімделген. Сондықтан баршасы ағылшынша «сайрап» тұр. Сондай-ақ, ауыл мектебінен ағылшын тілін терең оқытатын үйірме ашып, оқушыларға шет тілін жетік меңгеруге септігін тигізіп жүр. Нәтижесінде 1 жылдың ішінде мектеп бітірген шәкірттерінің 80%-ы мемлекеттік грант иегері атанған.

Гауһар көп ізденеді. Бос уақытында ағылшын, испан, неміс тілдеріндегі кітаптарды көп оқиды. Ғаламтордан да соңғы жаңалықтарды қарап отырады. Қажетті деген ақпараттарды қойын дәптеріне түртіп алып, жұмыс барысында қолданады. Тілдік сөйлеу қорын ұлғайту үшін үнемі шетелдегі достарымен сөйлеседі. Ал отбасында тек қазақ тілін қолданады.

«Ең алдымен, бала өз ана тілін бойына дарытып алуы тиіс. Себебі, баланың тәрбиесі ана тілі арқылы қалыптасады деп білемін. Сондықтан үйде тек қазақша сөйлесеміз», - дейді Гауһар Диханқызы.

Түркістан облысы Келес полиглот Гауһар Бахадырова

Тақырыпқа жаңалықтар