Ауыр жұмыстағыларға арнайы әлеуметтік төлем
Президент Жолдауында: «Менің тапсырмаммен Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді», деді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұрын денсаулыққа келтірілген зиянды өтеу бойынша төлемдер өмір бойы төленетін. Бірақ 2015 жылы Азаматтық кодекске енгізілген өзгерістердің салдарынан мұндай төлемдер зейнет жасына келген кезде тоқтатылатын болды.
Депутаттық сауалға берген жауабында вице-премьер Т.Дүйсенова: «Жұмыскерлердің жекелеген санатын өмір бойғы төлеммен қамтамасыз ету мақсатында «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» заңға тиісті түзетулер енгізу көзделіп отыр. Мәселен, кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі алғаш рет 2015 жылғы 10 мамырға дейін белгіленген және қайта куәландыру мерзімінсіз 2015 жылғы 10 мамырдан 2024 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылған адамдарға сақтандыру ұйымдарынан олардың кәсіптік еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін қайта куәландыру мерзіміне сақтандыру төлемдерін алу құқығы берілетін болады, яғни төлемдер зейнет жасына толғаннан кейін де жасалады», деп мәлімдеді.
Осылайша, мүдделі мемлекеттік органдар бізге белгісіз себептермен 2015 жылы өз қолдарымен туындатып, мыңдаған регресшінің әлеуметтік жағдайын қиындатқан проблемаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударып, тікелей араласқан соң, Үкімет оны шешу шараларын айқындады. Бұдан бөлек, ауыр жұмыстарды атқарып, денсаулығына зиян келтіріп жүрген адамдарға шын мәнінде 55 жаста зейнетке шығумен пара-пар жеңілдік те қарастырылды. Ол – алғаш рет арнайы әлеуметтік төлемнің (АӘТ) енгізілуі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндірмесіне қарағанда, АӘТ-ті тағайындаудың міндетті шарттары – 55 жасқа толу және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында (БЖЗҚ) кемінде 7 жыл кәсіптік зейнетақы аударымдарының болуы. АӘТ төрт қаражат көзінен жүзеге асырылады: республикалық бюджеттен 2 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнайы кәсіптік жәрдемақы; өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде; жұмыс берушілердің қаражаты есебінен 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде, БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен.
Әлеуметтік кодекске сәйкес жұмыс берушілер Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен айналысатын жұмыскерлердің, өндірістердің, жұмыстардың, кәсіптердің тізбесіне енгізілген жұмыскерлер үшін міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын аударады.
АӘТ-ті еңбек жағдайы зиянды жұмыстарда істейтін, жасы 55-ке келген азаматтар келесі жылдан бастап алатын болады.