«Бәйтерек» Ұлттық холдингінің атауы өзгерді
«Бәйтерек» Ұлттық холдингінің атауы «Бәйтерек» Ұлттық инвестициялық холдинг деп ауысты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Премьер-министр Олжас Бектенов Тоқаевтың экономиканың нақты секторын қолдауды күшейту және инвестициялар тарту жөніндегі тапсырмалары шеңберінде холдингті одан әрі трансформациялау мәселелері бойынша «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі (ҰБХ) директорлар кеңесінің отырысын өткізді. Жиында директорлар кеңесінің 2026 жылға арналған жұмыс жоспары қаралды. Директорлар кеңесі «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің атауын Ұлттық инвестициялық холдинг деп ауыстыру мәселесін мақұлдады.
«Инвестхолдингке инфрақұрылымдық, экспорттық және индустриялық жобаларды қолдау бойынша қосымша функциялар беріледі», - деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Инвестхолдингке жоғары өнімді кәсіпорындардың ашылуы және жаңа жұмыс орындарының құрылуы басты назарға алынады екен.
Сонымен қатар, үкіметтің, Ұлттық Банктің және қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2026-2028 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл бағдарламасы шеңберінде «Бәйтерек» холдингі экономиканың нақты секторына несие беру көлемін ұлғайтады.