Димаш Құдайбергеннің өміріндегі тылсым оқиғалар
Ерлан ОМАР, «EQ»
EQ
Қазақстан жаңалықтары22 қазан 2024, 17:34

Димаш Құдайбергеннің өміріндегі тылсым оқиғалар

Қытайда «I,m а singer» байқауы өтіп жатқан кез. Осы ән додасына Құлагерін қосқан Димаш Құдайберген екінші айналымда Витастың «Опера-2» әнін шыр­қады. Сол күні әлеуметтік же­лідегі бұқараның таңдай қағысы мені еркімнен тыс Димаш атты әншімен табыстырды. Сол та­бысу­дың өзі мистикалық оқиға екенін ойласам, тұла бойым тоқ соққандай дір ете қалады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Ванганың болжамы

«I,m а singer» байқауы туралы білерім аз еді. Содан болар, бастапқыда ол сайыс­­та қазақ баласының өнер көрсетіп жатқаны әдеттегі оқиғадай көрінген. Күллі әлеуметтік желі Димаш туралы шулай бастаған соң, «бұл не қылған өнер­паз?» деген оймен Youtube желісін аштым. Youtube-тің іздеу тетігіне «Димаш – Опера-2» деп жаздым да, enter-ге басып қалдым. Таңғалғаным, интернет желісі Димаш айтқан Витастың әнін емес, Ванганың «болжам таспаларын» ұсынды.

Көріпкел Ванга сөйлеп жатыр. Оның сан жылдар бұрын таспаға жазы­лып алынған, құмыға сөйлеген бол­жам­дары­ның бірін түсінсем, бірін тү­сінбей тыңдап отырмын. Кенет экранның арғы жағында тұрған Ванга мені көріп тұрғандай күйге түстім.

«Иә, Ванга әжей мені көріп тұр» дедім өз-өзіме іштей күбірлеп.

Сол-ақ екен, көріпкел кемпір иығын қиқаң еткізіп, иегін аспан жаққа бір рет көтеріп алды да:

«Аққұба бала жаңа Майкл Джексонға айналады» (Белый мальчик станет новый Майкл Джексоном) деді.

Димаштың әнін іздеп отырып, Ван­ганың «аққұба баланың Майкл Джек­сонға айналатыны» туралы болжамына тап келгенім кездейсоқтық па?

Бұл өмірде өздігінен ештеңе болмайды. Егер Ванганың болжамын кез­дейсоқтық дейтін болсақ, «I,m а singer» байқауына көп үміткердің ішінен Ди­маштың таңдалуы, соған жағдаяттың бәрі икемделе кетуі, алдымен Қытай, сосын бүкіл әлемді Димаштың магиясы баурап алуы да кездейсоқтық болмақ.

Майкл Джексонның қолтаңбасы

Сол күні Димаштың орындауындағы Витастың «Опера-2» әнін тыңдадым. Ванганың болжамы әсер етті ме, аузына тәтті кәмпит салып алған баладай тамсанып тұрған Димаш Құдайбергеннің бейнесі менің көз алдыма Майкл Джек­сонның кескінін әкеле берді.

Мұның астарында не сыр бар? Енді осы сұрақ мазалай бастады. Содан бері еліміздегі һәм әлемдік ақпарат құрал­дарындағы Димашқа қатысты мәлімет­тердің бәрін қадағалап, оқып отыратын болдым. Тіпті өзімнен жасы кіші талантты інімнің тілеуқорына, жанкүйеріне айналдым десем де болады.

Шын жанкүйер іздегенін табады. Аме­рикада Сильвия Сандовал атты кейуана тұрады. Ол ұзақ жылдар бойы Же­дел жәр­­дем қызметінің дәрігері бол­ған. Бірде Майкл Джексонның қан қы­сымы көте­ріліп, Сильвия Сандо­вал «Neverland»-қа (Джексонның балдыр­ғандарға арнап «жер бетін­дегі жұмаққа теңеп» салғызған үйі) барады.

Сильвия Сандовал алғашқы жәрдемін көрсетіп, музыка патшасына дәрі беріп, бетін бері қаратады. Майкл толық есін жиып, қан қысымы қалпына келген соң Сильвияға:

– Атыңыз кім, әпкетай? – дейді.

– Сильвия, Сильвия Сандовал десеңіз де болады.

– Сильвия, Сильвия, – деп күбірлейді Майкл. – Есіміңіз әдемі екен. Өзіңіз де сұ­лусыз. Мен ертең, жоқ бүрсігүні үйленем.

– Құттықтаймын, – дейді Сильвия.

– Мен сіз секілді дәрігерге, мені тері ауруы­нан емдеген Дебора Роуға үйленем…

– Қуаныштымын, – дейді Сильвия Сан­довал шаттанған түр көрсетіп.

– Сильвия, Сильвия әпкетай! Анау керегедегі суретті әкеп бересіз бе?

Қабырғада жиегі әдемі ағашпен әрленген үлкен суреті тұр екен.

Сильвия әншінің айтқанын әп-сәтте орындады.

Майкл оның ағаш жиегін шешіп жатып, суреттің шетін жыртып алады.

– Қап, ай, ә! Әкеліңіз, маған беріңіз. Ағаш жиекті мен шешейін, – дейді Силь­вия өкініп.

– Жоқ, бұл суреттің жыртылғаны дұрыс болды, – деді Майкл езу тарта кү­ліп. Сөйтті де, суреттің жиегіне қолтаң­басын қояды.

– Бүгін қай күн? – деп сұрайды сосын медбике Сильвияға сынай қарап.

Сильвия Сандовал:

– 24 мамыр, 1994 жыл, – дейді

Майкл тағы да күлді. Сөйтті де, күн­тіз­бедегі күнді сүйкеп жаза салды.

– Бәсе, біліп едім, – деді сосын әнші.

– Нені біліп едіңіз? – деді медбике.

– Күндердің күнінде бұл сыйлықты біреуге бергіңіз келсе, мені қатты жақсы көретін адамға ғана тарту етерсіз…

Ән әлемінің патшасы Майкл Джексон осыны айтты да, енді іс бітті дегендей теріс айналып, бүк түсіп жата кеткен. Сильвия Сандовал әншінің бұл қылығын түсіне алмай дал болды. Бұл әншіден қолтаңба сұрады ма? Сыйлық дәметті ме? Жоқ! Ендеше, мына суретті неге Сильвияға береді? Медбике құрал-жабдығын жинап жатып та, жұмысында жүріп те осы сұраққа жауап іздеді. Кейін Майклдың осы бір сыйлығын көрген сайын баяғы сұрақ бас көтеріп, қисынды жауап таппай қиналатын болды.

Сильвия Сандовал Қытайда өткен «I,m а singer» байқауында әлемді аузы­на қаратқан Димаш Құдайбергеннің әнін тыңдаған. Сол-ақ екен, Димаш пен Майкл Джексонның бір-біріне қатты ұқсайтынын байқады. Сосын, Димаштың сұхбаттарын көріп шықты. Құдай-ау, тіпті сөй­леу мәнерінде де ұқсастық бар екен. Димаш та Майкл Джек­сон секілді адамға биязы үн­мен тіл қатып, асықпай сөйлей­тін көрінеді. Ол аз ба, әнші бала Майкл Джексонның шығар­машылығын да аса қатты құрметтейді екен.

Сильвия Сандовал Майкл Джексон­ның сыйлығын кімге аманаттаймын деп, баяғы сұраққа жауап таппай ойға шоматын. Ол достарымен ақылдасып, бұл сыйлықты Димашқа сыйласам деген ойын айтты. Олар да бірауыздан қолдай кетті. Осылай шешім қабылдаған күні Димаш көктен түсті ме, жер астынан шықты ма, кім білсін, дәл ертегідегідей Сильвия Сандовалмен Колифорния шта­тын­дағы Голливуд саяжолында ұшыра­сып қалды.

Бұл кезде Сильвияның жасы жетпіс төрттен асып, ақ шашты кейуанаға айналып еді. Аяғы ауыра­тындықтан, қатты жү­руге де шамасы жоқ-ты. Гол­ливуд саяжо­лындағы көп дәм­хананың бірінде отырып, өтіп бара жатқан Димашты көріп, құрбысына:

– Әне, Димаш кетіп барады. Бол тез, жүгір, қалайда қуып жет, менің сәле­мімді жеткіз, – дейді. Құрбысы әншіні қуып жетті.

Қуып жетіп, Сильвия Сандо­валдың жайын айтты.

– Ана жерде сіздің бір жанкүйеріңіз отыр. Аяғы ауырады. Сондықтан өзі келе алмады. Сізге берер сыйлығы бар, – дей жүріп, оған мән-жайды түсіндіреді.

Димаш Сильвия Сандовалға келіп, біраз сөйлесті.

Сильвия Сандовал:

– Димаш, мен саған Майкл Джексон­ның өз қолымен берілген сыйын сыйға тартайын деп едім. Әуежайға апарып берсем, қабыл аласың ба? – деді.

– Жоқ-жоқ, тап қазір алуға бола ма? – деді Димаш тек осыны ғана күткендей.

– Ол сыйлық сурет. Сол суретті Майкл маған қалдырғанда шетін жыртып алып еді. Соны желімдеп, дайындап қояйын.

– Жоқ, Майкл Джексонның өз қолы­мен жыртылса, оны желімдеудің қажеті жоқ, – деді ол жұлып алғандай. Сосын: – Бұл сыйлықты бұған дейін неге басқа адамға сыйламадыңыз? – деді.

– Сен қаласаң, сатып-ақ жіберейін, – деді Сильвия әжей әзілдеп.

Димаш ертесі күні сыйлықты алмақ­қа Сильвияның үйіне келді. Сильвия суретті беріп жатқанда екеуінің де көзі Майклдың өз қолымен жазылған датаға түсті. 24 мамыр, 1994 жыл. Сенесіздер ме, бұл дата Димаштың туған күні еді.

Сонда бұл не? Димаш дүние есігін ашып жатқан кезде Майклдың қан қысымының көтерілгені ме? Әйгілі әнші өзінің ізбасарының дүние есігін ашып жатқанын сезгені ме? Кездейсоқтық дей салуға аузыңыз бара ма?

24 мамыр хикаясы

Қазір әлем Димаштың орындауын­дағы «Самалтау» әнін сүйіп тыңдайды. Димашқа қосыла осы әнді айтқан кезде «халық әні» делініп келген туындының авторы туралы ойланасың. Бірінші дү­ние­жүзілік соғыстың қара жұмы­сына ат­танып бара жатқан боздақтың зары жан дүниеңнің астан-кестенін шығарады.

Қазақтың белгілі музыка зерттеушісі Берік Жүсіп «Самалтау» әнінің авторы Сапалай Исатайұлы екенін айтады.

Сапалай Исатайұлының «Самал­таудан» өзге исі қазаққа белгілі «Мұхида Шәйбән», «Екі айна» секілді әндері бар. Созақ өңірінде Сапалай сері атанған өнер иесі.

Ол тек сері ғана емес, 1930 жылы ақпан айында болған Созақ көтерілісін ұйымдастырушылардың бірі, батыр. Сол көтерілісте Сапалай Исатай баласы Тұтынушылар одағының қоймасын өртеп жіберген.

Осы «қылмысы» үшін ату жазасына кесіліп, үкімді орындау үшін Сапалайды Қызылордаға пойызбен жөнелтеді. Жолда өлім жазасына кесілген Мәндібек Кеншіұлы, Жантөре Иманұлы үшеуі жазадан қашпақ болып, пойыз терезесінен секіреді.

Қызылдар қашқын үшеуін де тауып алып, жол бойында атып кеткен.

Архив құжаттарында барлық тұт­қындар 25 мамыр күні ату жазасына кесілгені жазылған. Сапалай бастаған үштіктің бір күн бұрын пойыз терезесінен секіріп, мерт кеткенін есепке алсақ, тағы да 24 мамырдың, Димаштың туған күні­нің төбесі көрінеді.

Арада алпыс төрт жыл өткен соң, дәл сол күні Сапалайдың зарын бүкіл әлемге жеткізер ұлдың дүниеге келуі де кездейсоқтық па?

Ажалдан арашалап қалды

Енді жылыстап, қайтадан өзге құр­лық­қа өтейік. Канадалық Линда Дас­сильва атты Димаштың жанкүйері бар.

Оның бүкіл отбасы көлік апатынан көз жұмып, жалғыз қалады. Жалғыздықтың қайғысы Дассильваны депрессияның тұңғиығына батырып әкетеді.

Сүйген жар, туған туыс, жалғыз ұлы­нан айрылған келіншек өз-өзіне қол жұмсамақ болады.

– Құдайым, бұл өмірде мен үшін жылт еткен бір қызық қалса, кереметіңді көрсетші, көзіме… Түймедей ғана белгі берші, – деп зар жылайды.…

Жүзін тарам-тарам көз жасы жуып кеткен. Әсілінде, адамның өз-өзіне қол жұмсауы әсте оңай нәрсе болмаса керек. Бір уыс уды қолына алғанымен, оны қылғыта салуға дәті барар емес. Уы­сындағы уды қанша рет аузына апарды. Қолы дір-дір етіп, дәрі шашылып қала берді. Шашылған дәріні жинап алып, қайтадан аузына салмақ еді, қолы тағы да қалтырап ырқына бағына қоймады.

Әкесі мен шешесі де, інісі мен сің­лісі де, тіпті өмірінің шырағы болған жал­ғыз баласы да дүниеден озды. Құ­дай бірін қоймай, бәрін де алды. Жер бетін­де жаны ашитын жақыны да, тіпті мұңда­сар досы да жоқ еді. Жапан түзде жалғыз қалған.

Сөйтіп, өзіне-өзі қол жұмсамақ болып жатқанда өшіп тұрған компьютеріне жан бітіп, кенет құлағына Мишель Бергер­дің «Қайғырған жанның қарманысы» («Sos d’un terrien en detresse») атты әні талып естілгендей болды. Өшіп тұрған компьютерінің қосылып кетуі шын­дығында таңғажайып оқиға емес пе?

Неге мен өмір сүріп,

неге мен көз жұмамын?

Не жайға көңілденіп,

не жайға көп жыладым?

Міне, бұл адамзаттың,

айтқаны көмек сұрап.

Жол таппай оған нақты,

Тайғанап келем бірақ.

Құс болып кеткім келед,

мекен қып жұлдыздарды.

Адамзат келбетіңнен,

жиіркеніп жүрмін қазір.

Өмірдің басқа жағын,

көрсем ғой сол алаңда.

Дүние ғажап шығар,

Биіктен қарағанда!

Ғажап үн бөлме ішінде қалықтап ұшып жүр. Сол үннен жарық сәуле ша­шып, күңгірттенген бөлмеге нұр құйыл­ғандай болып көрінді. Ажалға асыққан жаны бір сәтке болсын тынши қалғандай.

Бұл Димаштың үні болатын. Сол үн Линданы ажалдан арашалап қалды. Бұл да кездейсоқтық па?

Түйін

Көріпкел Ванганың «Аққұба бала жаңа Майкл Джексонға айналады» деген болжамынан басталған тылсым оқиғалар легі Майкл Джексонның құпияға толы қолтаңбасы, «Самалтау» әні авторының бұқараға беймәлім қазасы, өшіп тұрған компьютерінің қосылып кетіп, Линданы ажал­дан арашалап алуы секілді хикаялармен жалғасуы жүректі бір бүлк еткізері анық. Бұл жайттар Димаш Құдайбергеннің өнері мен өмірі туралы әлі талай аңызға бергісіз шындықтың куәсі боларымызға жол сілтейтіндей.

Әлемді баураған дауыс иесі туралы айтылып жатқан мистикалық әңгімелерді жазу арқылы қаршадай ғана оғланымызды ерекше қасиетке ие тұлғаға айналдыру ойы­мыз­да жоқ. Тек бұл мақала Димаштың өнері мен өмірін тануға деген құлшынысты арт­тыруға септессе екен дейміз...

 

Димаш Құдайберген тылсым оқиғалар

Тақырыпқа жаңалықтар