Димаш үйін су алып кеткен халыққа көмектесуге шақырды
Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ел азаматтарын су басқан өңірлерге көмек қолын созуға үндеді. Ол бұл жайында Instagram парақшасында жазды, - деп хабарлайды Arbat.media.
— Наурыздың соңғы күндері күн күрт жылынып, Ақтөбе облысы аймағында және еліміздің тағы бірқатар өңірінде тез еріген қар суы сай-саланы лезде толтырып, автокөлік жолдарын шайып, бірнеше елдімекенді су басыпты. Көп отбасылардың баспанасы тұруға жарамсыз болып қалған. Сондай-ақ Ақтөбе аймағында өзендердегі мұз еріп, су қоймаларындағы су деңгейінің көтеріліп, өзендердің арнасынан асу қаупі жоғары екен. Мұның себеп-салдарын құзырлы мекемелер анықтап, мәселенің түйінін шешу жолдарын іздестіре жатар. Мемлекет тарапынан үйлерін су шайып кетіп, далада қалған ағайынға толыққанды көмек көрсетілетініне сенім мол, - дейді қабырғасы қайысқан орындаушы.
Димаш Құдайберген тап қазіргі сәтте қиналғанға қол ұшын созу — ең басты парыз екенін еске салды.
— «От пен су — тілсіз жау». Сондықтан қысылтаяң сәтте бауырларымызға қол ұшын созып, бірлігімізді көрсетейік, ағайын! - деп қайырымдылыққа үндеді әнші.