Ерлан Қарин жаңа маңызды қызметке тағайындалды

Мемлекет басшысының жарлығымен Ерлан Қарин Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Осыған байланысты ол бұған дейін атқарған лауазымынан босатылды.

Ерлан Тынымбайұлы Қарин 1976 жылы Түркістан облысының Ақсу ауылында дүниеге келген. Саяси ғылымдарының кандидаты еңбек жолын Ақтөбедегі мектептердің бірінде мұғалім болып бастап, кейін саясаттану және сараптамалық зерттеулер саласына бет бұрды. Ол Қазақстан даму институтында және Орталық Азия саяси зерттеулер агенттігінде жетекшілік қызметтер атқарған.

Әр жылдары Үкімет басшысының кеңесшісі, «Асар» партиясы төрағасының бірінші орынбасары, Антитеррористік бағдарламалар орталығының жетекшісі болды. Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтын және «Қазақстан» телерадиокорпорациясын басқарды. Сонымен қатар АҚШ-тағы Вашингтон қаласындағы Америка университетінде шақырылған профессор ретінде дәріс оқыған.

2019 жылдан бастап Президенттің кеңесшісі әрі көмекшісі қызметін атқарған Ерлан Қарин 2022 жылы Мемлекеттік хатшы, кейін Мемлекеттік кеңесші болып тағайындалды.

Ол терроризм, саясат және тарих тақырыптарындағы бірнеше ғылыми еңбектің авторы. Мемлекет алдындағы еңбегі үшін «Құрмет», II дәрежелі «Достық» және «Барыс» ордендерімен марапатталған.

мемлекет Басшы Қызмет Қарин

Тақырыпқа жаңалықтар