Қазақстан жаңалықтары31 мамыр 2024, 19:58

Ертең Түркістанда 500 оқушы «Адай» күйін орындайды

Балаларды қорғау күніне орай Түркістанда «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс шарасы өтеді. Онда әр аудан, қала мектептерінен жиналған оқушылар бір мезеттте Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» күйлерін орындайды. Бұл жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова мәлімдеді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Мерекелік шара барысында балаларға арналған түрлі қойылымдар, көрмелер, спорттық ойындар, концерттік бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Мәселен, «Қуыршақ» театрының үздік қойылымдары мен балалар жазушыларының кітап көрмесін тамашалауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, балалар үшін аквагрим жасалып, тегін тәттілер үйлестіріледі.

Оқушылардың қолөнер жұмыстарының жәрмеңкесі өтіп, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

«Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында шахмат, тоғызқұмалақ ойындарынан турнир өткізу, армрестлинг спортынан әлем чемпиондарымен шеберлік сағатын ұйымдастыру және «Аралдағы цирк» мерекелік қойылымын көрсету жоспарланып отыр. Сондай-ақ, «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галереясы, 500 оқушыдан құралған «Dombyra party» флеш-мобы, «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысы оқушыларынан құралған топ өнері көрермен назарына ұсынылады» - деді Айгүл Қасымбекова.

Сонымен қатар, спикер биыл Түркістан облысында 35 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалатындығын жеткізді.

Ал балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызмет етеді.

«Адай» күйі Түркістан 500 оқушы Балаларды қорғау күні

Тақырыпқа жаңалықтар