Гүлнар Досаева 100 млн теңге капиталы бар компания құрды

Алматының бұрынғы әкімі Ерболат Досаевтың жұбайы, кәсіпкер Гүлнар Досаева жаңа компания тіркеді. DOS&Co. Ltd. деп аталатын ұйымның капиталы 100 млн теңгені құрайды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Компания 14 қазанда Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Оның жалғыз құрылтайшысы — Гүлнар Досаева.

Қызмет сипаттамасына қарағанда, DOS&Co. Ltd. холдинг ретінде жұмыс істейді. Компания еншілес және үлестес кәсіпорындардың жарғылық капиталындағы үлестерді сатып алып, иеленумен айналыспақ. Сонымен бірге топтың даму стратегиясын үйлестіріп, құрамындағы ұйымдарға корпоративтік және әкімшілік қолдау көрсетеді.

Гүлнар Досаева Forbes Kazakhstan басылымының 2026 жылғы ең ықпалды 25 әйел рейтингінде 13-орынға шыққан. Ал ең бай 25 әйел тізімінде оныншы сатыға орналасқан. Басылым оның дәулетін 61 млн долларға бағалаған.

Кәсіпкердің активтері арасында Lancaster Holding тобындағы үлесі бар. Топ мұнай-газ қызметтері, өнеркәсіптік инфрақұрылым, жер қойнауын пайдалану, тау-кен өндірісі, фармацевтика, білім беру және кадр қызметтері бағытында жұмыс істейді.

Алматы Әкім компания Тау-кен өндірісі

Тақырыпқа жаңалықтар