Арон Атабектің үлкен қызы марқұм әкесін ақтауды сұрап президент Тоқаевқа үндеу жасады

Ақын, диссидент Арон Атабектің үлкен қызы Алма Нұтышева ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, әкесін ақтауды және ел алдындағы еңбегін мойындауды сұрады, деп хабарлайды Arbat.Media.

2006 жылғы Шаңырақ оқиғасына байланысты 18 жылға сотталып, 15 жылын түрмеде қатал жағдайда өткізген Арон Атабектің қайтыс болғанына биыл қарашада бес жыл толды.

Алма Нұтышеваның әлеуметтік желідегі парағында жариялаған видео-үндеуде әкесі жайлы:

"16 жыл жалғыз кісілік камерада отырды, аштықтан, суықтан, қорлық пен үздіксіз соққыдан азап шекті. Ол өмірден өтті, бірақ халық жадынан өшпейді. Заңсыз сотталып, баяу әрі қатыгездікпен өлтірілген әкемнің соңғы аманаты орындалады деп сенемін және соны күтемін. Алдыңғы биліктің қателігін мойындаңыздар. Халқы үшін азап шеккен батырының аруағына тыныштық беріңіздер. Әкемді тым құрығанда қайтыс болғаннан кейін ақтаңыздар", – деген.

Арон Атабек өзіне тағылған "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деген айыпты мойындамай, оқиғаны билік ұйымдастырған "арандатушылықтың" салдары деп атаған.

Алма Нұтышева 2022 жылы да президент Тоқаевтан Шаңырақ оқиғасы жөніндегі істі қайта қарауға жіберуді, Арон Атабекті саяси қуғын-сүргін құрбаны деп тануды және оны ақтауды сұрап петиция жариялаған еді. Ол кезде билік тарапынан ешқандай жауап болған жоқ.

Ақын Шаңырақ оқиғасы Саяси қуғын-сүргін петиция

Тақырыпқа жаңалықтар