ЕуразияБүгін, 12:28

Италия премьер-министрі Қазақстанға келмейтін болды

Рим папасының қазасына байланысты Италия премьер-министрінің Қазақстанға сапары шегерілді, деп хабарлады Arbat.media.

Бұған дейін Италия премьері Джорджи Мелонидің сапары мен «Орталық Азия – Италия» саммиті 26-27 сәуірде өтетін болған. Енді кездесу қашан болатыны белгісіз.

Айта кетейік, Рим Папасы Францискті жерлеу рәсімі 26 сәуірде өтеді. Мемлекет басшысы Рим Папасының қайтыс болуына байланысты көңіл айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Рим Папасы Францисктің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.

Президенттің айтуынша, Понтифик әділет пен мейірімнің, гуманизмнің ізгі мұраттарын ілгерілетуге өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті рухани тұлға еді.

«Мен Рим Папасымен кездесулерімді және оның 2022 жылы Қазақстанға жасаған діни төзімділіктің, бейбітшілік пен өзара түсіністіктің символына айналған Апостолдық тарихи сапарын ыстық ықыласпен еске аламын. Рим Папасы Францисктің есімі әлем жұртшылығының есінде әрқашан бейбітшіліктің ұлы жақтаушысы және конфессияаралық диалог пен келісімнің қорғаушысы ретінде мәңгі сақталады», – деп жазды Президент Х әлеуметтік желісіндегі өзінің парақшасында.

Италия Рим папасы Қазақстан

Тақырыпқа жаңалықтар