Кепіл, тегін медкөмектің бірқатары енді сақтандыру есебінен көрсетіледі
ФОТО: Depositphotos
Depositphotos

Кепіл, тегін медкөмектің бірқатары енді сақтандыру есебінен көрсетіледі

Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) пакетіндегі аурулардың бір бөлігі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) ауыстырылады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мұны қыркүйекте Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім еткен болатын. Бұл не үшін қажет? Қаншалықты тиімді және қашан жүзеге асырылады, - деп хабарлайды Arbat.media.

Елімізде 2020 жылдан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Жүйе медициналық қызметтерді 2 көзден – республикалық бюджеттен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) активтерінен қаржыландыру көзделген. Осылайша, медициналық қызметтің 2 пакеті (ТМККК және МӘМС) құрылды, - деп жазады Kazinform агенттігі.

«Қаржыландыру көзін анықтаудың негізгі критерийлері аурулар тізімі бойынша жасалды, бірақ бірқатар қызмет 2 пакетте де қайталанды. Қаржыландырудың бұл түрі медициналық ұйымдардың мамандары үшін де, пациенттер үшін де қолайсыздықтар туғызды. Сонымен қатар, әртүрлі көзден қаржыландыруда пациенттің сақтандырылған тұлға ретінде немесе ТМККК шеңберінде қандай мәртебеге ие болатындығы түсініксіз, яғни стационарда емделген жағдайда, консультациялық-диагностикалық қызметтер мен скринингтік зерттеулер кезінде. Бүгінде онкоскринингтердің бірінші кезеңі ТМККК есебінен, ал екінші кезеңі МӘМС жүйесі арқылы қаржыландырылады. Демек, пациент сақтандырылмаған жағдайда скринингтің 2-кезеңі бойынша қызмет ала алмайды, бұл нысаналы топты онкоскринингтермен қамтудың 30%-ға дейін төмендеуіне әкелді», - деп түсіндірді Денсаулық сақтау министрлігінен.

Сонымен қатар COVID-19 пандемиясы кезінде республикалық бюджетке түсетін ауыр жүктемеге байланысты тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қызметінің бір бөлігі МӘМС-ке ауыстырылды.

Бүгінде балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер, студенттер, мүгедектігі бар жандар, жұмыссыздар, тағы осы сияқты барлығы 15 санат бойынша халық сақтандыру жарнасын төлеп жатыр. Бұл дегеніміз – бұл санаттағыларды мемлекет қорғайды және олар сақтандыру мәртебесіне қарамастан медициналық көмекпен қамтылады. Жалпы 17 млн қазақтандық немесе халықтың 83%-ы медициналық сақтандыру мәртебесіне ие.

Қос медициналық пакет қызметін оңтайландырудағы мақсат – қайталауды болдырмау және ашықтықты қамту. Сонымен қатар пациенттің сақтандыру мәртебесіне қарамастан халыққа базалық көмектің қолжетімділігіне кепілдік беруге мүмкіндік береді.

«Міндеттемелердің негізгі бөлігі денсаулық үшін ортақ жауапкершілік қағидаттарында сақтандыру есебінен орындалады. Бұл тәсіл пациенттердің дәрігердің нұсқаулығын сақтауға, салауатты өмір салтын ұстануға және созылмалы дертке шалдыққан науқастарды бақылауды ынталандырады деп санаймыз. МӘМС жүйесіне азаматтардың қатысуын ескере отырып, әлеуметтік осал топтағы және созылмалы аурулары бар пациенттерді медициналық көмекпен қамту - бүгінде шамамен 85% және 2027 жылы бұл көрсеткіш 98%-ға дейін ұлғаяды деген болжам бар. Медициналық көмектің қолжетімділігі бөлігінде түбегейлі ештеңе өзгермейді», - дейді министрліктен.

Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмек жүйесін жетілдіру шеңберінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан мемлекеттік бюджет есебінен созылмалы ауруларды диагностикалау және емдеу үшін қажетті қызметті көздейтін медициналық көмек кепілдіктерінің базалық пакетін қайта қарады.

Мемлекет басшысы халыққа жолдауында медициналық қызметтердің қолжетімділігін әрі ашықтығын қамтамасыз ететін бірыңғай жүйе қалыптастыруға баса назар аударды. Бірыңғай медициналық көмек пакеті денсаулық сақтау жүйесіндегі мемлекеттік кепілдікті нақты айқындайды.

2025 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қызметін оңтайландыру кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.

2025 жылы барлық 13 әлеуметтік маңызы бар ауруды ТМККК жүйесінде емдеу қалады. Оның қатарында:

 

  • тәулік бойы және күндізгі стационар
  • динамикалық бақылау
  • амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету (туберкулез, психиатрия/наркология, онкология, онкогематология)
  • АИТВ\ЖИТС, жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары, орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялық аурулары, церебральды сал ауруы, орфандық аурулар, жедел миокард инфарктісі, ревматизм, эндокриндік жүйенің аурулары, тамақтанудың бұзылуы және метаболикалық бұзылулар, дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы, бауыр циррозы бар созылмалы вирустық гепатит) аурулар.

 

Сол сияқты динамикалық бақылауға жататын аурулардың 9 тобы:

  1. Аритмия
  2. атриальды фибрилляция және дірілдеу
  3. артериялық гипертензия
  4. төменгі тыныс жолдарының созылмалы аурулары
  5. гломерулярлық аурулар
  6. брахиоцефалиялық артериялардың экстракраниальды аурулары
  7. жүректің ишемиялық ауруы
  8. созылмалы интерстициальды нефрит
  9. дәнекер тінінің жүйелік зақымдануы, жүрек клапандарының зақымдануы, эпилепсия) ТМККК жүйесінде қалады.

Сондай-ақ, ТМККК жүйесі аясында:

 

  • жедел медициналық көмек
  • жұқпалы ауруларды емдеу
  • амбулаториялық диализ
  • шұғыл жағдайларда емдеу
  • шетелде емдеу
  • қан препараттарымен қамтамасыз ету
  • паллиативтік көмек
  • мейірбикелік күтім
  • патологиялық-анатомиялық диагностика
  • сақтандырылмағандар үшін шұғыл стационарлық көмек бұрынғыдай көрсетіледі.

 

2025 жылдан бастап Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасы бойынша барлық онкоскрининг ТМККК пакетінде қолжетімді болады (қазір «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне өзгерістер енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр).

2025 жылдан бастап медициналық сақтандыруы бар азаматтар үшін алғаш енгізілетін қызметтер:

 

  • жедел цереброваскулярлық бұзылыстарды ерте диагностикалау және алдын алу үшін брахиоцефалиялық тамырлардың ультрадыбыстық зерттеуі
  • жүрек тамырларының зақымдануын ерте диагностикалау және миокард инфарктісінің алдын алу үшін амбулаториялық коронарография.

 

2025 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі жүйесінен МӘМС пакетіне ауыстырылатын ауру түрлері:

 

  • артропатия, дорсопатия, бауыр аурулары, қалқанша безінің аурулары, перинаталдық кезеңде пайда болған бронх-өкпе дисплазиясы, туа біткен даму ақаулары, операциядан кейінгі кезеңде туа біткен жүрек ақаулары, қуық асты безінің гиперплазиясы, сүт безінің қатерсіз дисплазиясы, асқазан-ішек жолдарының жоғарғы бөлігінің аурулары, қан және қан түзуші органдардың аурулары, әйел жыныс мүшелерінің қабынбайтын аурулары, инфекциялық емес энтерит және колит.

 

«Талдау қорытындысына сәйкес, осы санатқа жататын пациенттер негізінен сақтандырылған. Олар - балалар, жүкті әйелдер, мүгедектігі бар жандар және жұмыс істейтін азаматтар», - деп түсіндірді министрліктен.

2026 жылдан бастап 13 әлеуметтік маңызы бар дертке күдік туындаған жағдайда тегін консультациялық-диагностикалық көмек көрсету жоспарланып отыр. Бүгінде 13 жүрек-қан тамырлары аурулары, туберкулез және АИТВ инфекциясы бойынша диагностика жасау ТМККК шеңберінде жүргізіледі, қалған 11 аурудың диагностикасы МӘМС жүйесі аясында жүзеге асырылады.

медицина қамсыздандыру сақтандыру тегін

Тақырыпқа жаңалықтар