“Кіндігі кесілмеген”: Мұнайлыдағы тастанды нәресте шала туған болып шықты
3 мамыр күні Бесшоқы ауылындағы жер үйдің терезесінің алдынан жаңа туған нәрестенің табылғанын жазған едік. Шала туған қыз баланың кіндігі де кесілмегені белгілі болды. Бұл туралы баланы тапқан үйдің иесі сұхбат берді, деп хабарлайды Arbat.media сайты otpannews.kz сайтына сілтеме жасап.
Әлия Савдабаева ас бөлмеге кіргенде терезенің алдындағы қорапты байқаған. Ыңырсыған дауысты естіп, ішінде мысық не күшік жатқан шығар деп ойлапты. Әлия шақалақтың кіндігі де кесілмеген еді деп отыр. Анасы оны құр жаялыққа орап, үстіне сүлгі жауып кеткен екен.
- Қораптың бетінде сүлгі тұр екен. Сүлгіні алғанда жаялыққа оралған жаңа туған, кіндігі кесілмеген нәрестені көрдім. Бала жылаған жоқ, тек ыңырсып жатты. Тастап кеткеніне көп уақыт бллмаған деп ойлаймын. Өйткені денесі жылы болды, - дейді Әлия Савдабаева.
Бұрын-соңды мұндайды көрмеген келіншек абдырап қалғанын айтады. Өз-өзіне келген соң бірден полиция мен жедел жәрдем қызметін шақырған. Оқиға орнына келген фельдшер шақалақтың кіндігін кесіп, перзентханаға алып кеткен.
- Келгенде салмағы 2 келі 300 грамм болды. Қыз бала, былай туа біткен ақаулары жоқ. Жалпы төмен температурамен келді. Ол шала туған нәресте. Оны орап тастап кетсе де далада біраз уақыт жатып қалған соң ылғал болады. Сол себепті температурасы тез түседі. Қазіргі таңда баланың жағдайы орташа ауыр, - деді Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі Гүлзада Сарбалаева.
Ал баласын тастап кеткен ананың кім екені әзірге беймәлім. Мұнайлы ауданының полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады. Тәртіп сақшылары ауыл ішін жіті бақылап, іздеу шарасын жүргізіп жатыр.