Көкшетаудағы жартылай марафонға қатысқан әйел жан тапсырды
Көкшетауда өткен жартылай марафон кезінде өзін жайсыз сезініп, ауруханаға жеткізілген 35 жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Ақпарат агенттігінің Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап жазуынша, 2025 жылғы 23 тамызда "Көкшетау шамдары" атты жартылай марафон өткен.
Марафон кезінде сағат 21:50-де Сағдиев/Жағалау көшелерінің қиылысында, төртінші шақырымда 35 жастағы әйелдің жағдайы күрт нашарлаған. Ол бес шақырымдық қашықтықты жүгіріп келе жатқан.
"Ұйымдастырушылар регламентке сәйкес әрекет етті: медицина қызметі, жедел жәрдем және полиция жедел әрі уақтылы жұмыс істеді. Дәрігерлер келгенге дейін зардап шеккен қатысушыға облыстық аурухананың реаниматолог-дәрігері Индира Сарыбаева мен спорт мектебінің медицина қызметкері Рустам Құлтаев алғашқы көмек көрсетіп, дереу реанимациялық шараларды бастаған", - делінген басқарма хабарламасында.
Жедел жәрдем бригадасы (реанимобиль) келген соң бір минут ішінде әйелдің талмасы ұстап, жүрек соғысы тоқтап қалған. Оған шұғыл көмек көрсетіліп, көпбейінді облыстық ауруханаға жеткізілген.
Ауруханада да жүрек соғысы қайта тоқтап, науқас жансақтау бөліміне жатқызылған. 24 тамыз күні таңғы сағат 05:45-те әйелдің биологиялық өлімі тіркелген.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, оның өлімінің нақты себебі сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болып, жақындарына хабарланатын болады.
"Марафонға тіркелу кезінде барлық қатысушы өздерінің жарысқа физикалық тұрғыдан дайын екенін және денсаулығына толық жауапты екенін растайтын қолхатқа қол қояды. Бұл – әлемдік тәжірибеде осындай марафондарда қабылданған талап. Марафон басталған күні үш нүктеде медициналық қызметкерлер алғашқы көмек көрсетуге дайын тұрды. Жүгіру бағыттары полиция және жедел жәрдем қызметімен алдын ала мұқият пысықталды", - деп толықтырды басқарма өкілдері.
Ақмола облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі әйелдің өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын және тергеу жүріп жатқанын хабарлаған.