Атырауда қазандық жарылып, 19 пәтерге зақым келді: шығынды ғимарат иесі өтейді

Атырауда 29 қазан күні таңертең Авангард-2 шағынауданында болған жарылыстың салдарын бағалау жұмыстары басталды. Көршілес тұрғын үйдегі 19 пәтердің терезесі сынған. Сонымен қатар екі көлікке зақым келген, деп хабарлайды Arbat.Media.

Қала әкімдігінің мәліметінше, қазандық орналасқан ғимараттың иесі келтірілген шығынды толық өтеуге міндеттеме алған.

Мамандар сынған және зақымданған терезелерді өлшеуге кірісті. Оларды қалпына келтіру жұмыстарымен екі мердігер ұйым айналысады.

Жарылыс салдарынан қазандық ішінде болған 53 жастағы ер адам ауыр жарақат алған. Оның беті мен қолы күйіп, бас-миының ашық жарақаты анықталған. Қазір ол облыстық аурухананың нейрохирургия бөлімінде жатыр. Дәрігерлер науқастың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.

Еске салайық, газ-ауа қоспасы Авангард-2 шағынауданындағы Sulpak дүкенінің маңында орналасқан үш қабатты сауда ғимаратына жапсарлас салынған қазандықта жарылған. Оқиға орнынан шамамен 12 метр жерде бес қабатты тұрғын үй бар. Жарылыстан кейін өрт шықпаған.

Қазір оқиғаның себептерін ТЖД мен полиция қызметкерлері анықтап жатыр.

Атырау Шағын аудан Жарылыс оқиға

Тақырыпқа жаңалықтар