Күйеу жігіт той алдында болашақ қайын ағасын пышақтап тастады
Алматыдағы Бостандық ауданында орналасқан ірі сауда орталығының автотұрағында отбасылық басқосудың соңы қылмысқа ұласты. Той қамымен жүрген күйеу жігіт пен қалыңдықтың туған ағасы өзара сөзге келіспей қалған, деп хабарлайды Arbat.Media.
Салдарынан ашуға мінген болашақ күйеу бала қайын ағасына пышақ жұмсап, ауыр жарақат салды. Жәбірленуші бірден ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Қалалық Полиция департаментінің хабарлауынша, күдікті алысқа ұзап үлгермеген. Тәртіп сақшылары оны ізін суытпай жедел түрде құрықтады. Басты айғақ зат саналатын қылмыс қаруы – пышақ күдіктінің көлігінен табылып, іс материалдарына тіркелді.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, жанжалға қатысушылардың әрекетіне нақты құқықтық баға берілетін болады.