Күйеуі аттың жалына байлап, азаптап өлтірген әйелдің туыстары жантүршігерлік ақпарат айтты
Жетісу облысында 32 жастағы Айзат Жұманованы азаптап өлтірді деген күдікпен күйеуі қамалды. Денесінің сау жері қалмағанын көрген марқұмның туыстары әйелді атпен сүйреп, әбден қинап өлтірген деп тошылайды. Бұл туралы Arbat.Media Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.
Марқұмның басы қанталап, қол-аяғының терісі сыпырылып қалған.
“Бетін ашқанда беті қап-қара болып кеткен екен. Мамасы көрді де, жылап бұрылып кетті. Басының астына қолымды тығып қарағанда бас-сүйегінің сынғанын байқадым. Ұстағанда басы жұп-жұмсақ, шүйде тұсы, шашы түгел су, басы қоқым екен. Сол жақ жағының сынғанын байқадым. Ернін ашып едім, аузы қан екен. Құлағын қарағанда құлағы да жырылған”, – дейді туысы Раушан Дәуренбекова.
Жантүршігерлік оқиға маусым айында Баласаз ауылында болған. Олар күдікті ауыр жарақат алған әйелін терезеден құлап кетті деп кінәсін мойындамай отыр деп күйінеді. Бірақ Айзат Жұманованың мәйітін көрген жақындары бұған сенбейді. Олар ер адамның тиісті жазасын алуды талап етіп отыр.
“Менің қызым осы күнге дейін бір ауыз сөз айтып көрмепті. Оның соққанын енді ғана елден естіп жатырмыз ғой. Маған айтпаған ғой. Айтса, басқаша жағдай болатын еді. Жуастығын басынды қызымның. Жарайды, ол өзі құласа ештеңе демес едім. Мен анандай дүниеден, қалай болса да шындықты талап етемін. Шындыққа көз жеткізгім келеді”, – дейді Сәуле Жұманова.
Айзаттың артында 2 жасар қызы қалды. Айзат пен күйеуі үш жыл бұрын шаңырақ көтерген. Марқұмның анасы осы күнге дейін қызының шағымданбағанын айтты, күйеубаласының да оғаш қылығын байқамаған. Полиция “денсаулыққа қасақана зиян келтіру” бабы бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
“Іс бойынша шындықты толық әрі жан-жақты анықтау мақсатында барлық қажет қылмыстық-процестік шаралар қабылданып жатыр. Сот сараптамалары тағайындалды, дәлелдемелер жиналып, жан-жақты талданып жатыр. Тараптардың уәждері мұқият тексеріледі. Кінәлі тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады”, – дейді Жетісу облысы полиция департаменті баспасөз хатшысының уақытша міндетін атқарушы Бексұлтан Әнетұлы.
Қапыда қызынан айырылған тұтас әулет қылмыстық іс тергеліп жатқан баппен келіспейді. Олар күдікті жеңіл жазамен құтылып кетуі мүмкін деп қорқады.