Майқайыңдағы алтын кенішінде бір құтқарушының мүрдесі табылды
Майқайыңдағы опырылып түскен кеніш түбінде алты жарым ай уақыт жатқан екі құтқарушының бірінің денесі табылды. Туыстары оның Айдос Шаймерденнің мүрдесі екенін нақтылады. А.Шаймерден – ойық астында жатқан екі азаматтың бірі болған еді. Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалында жедел алдын алу жұмыстары жөніндегі взвод командирінің орынбасары болып қызмет атқарған, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
Майқайыңдағы ойықтан бір құтқарушының мәйіті табылғаны туралы ақпаратты Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев растады.
«Жаңа ғана Майқайың кентіндегі шахта басында болдық. Кеніштегі автобус опырылып түсіп кеткен жерді қазып жатқан «Майқайыңалтын» АҚ қызметкерлері екі құтқарушының бірінің мүрдесін топырақ арасынан алып шықты. Ол жерде аталған кәсіпорынның өкілдерінен бөлек, полицейлер, төтенше жағдайлар қызметкерлері де жүр. Алдын ала болжам бойынша, табылған мүрде Айдос Шаймардендікі. Нақтысы арнайы сараптамадан соң белгілі болады. Жағдайдың, қазу жұмыстарының әрі қарайғы реті қалай болатынын айта алмаймын. Оны алтын кенішінің басшылығы шешеді», - деді Ардақ Кісентаев.
Ал марқұм Айдос Шаймерденнің жары Нұрсұлу Шаймерден табылған мәйіттің өзінің жолдасының денесі екенін растайтынын жеткізді.
Еске сала кетейік, Павлодар облысындағы майқайың алтын кенішінде ішінде адамдар бар автобус биылғы 4 қаңтар күні жер астына түсіп кетті.
Кейін оқиға орнынан екі адамның денесі табылды.
Кейін құтқарушылар топырақтың жиі қозғалуына байланысты жер қазу жұмыстарын тоқтатқан болатын.
Ал мамыр айында Майқайың алтын кенішінде қос құтқарушыны іздеу жұмыстары қайта жанданғаны туралы хабарлағанбыз.
Марқұм Айдостың жары Нұрсұлу Шаймерден бұған дейін күйеуінің тірі екеніне ешқандай үміті жоқ екенін, құтқарушылар мүрдесін қазып берсе, арулап жер қойнына тапсыру соңғы тілегі екенін айтқан еді.
«Біздің отбасымыз бұл күнді ұзақ уақыттан бері тағатсыздана күткен едік. Құтқарушылар жақын адамдарымызды тауып алатынына сенімдіміз. Кәсіпорын басшылығы айтқандай, ең әуелі ойық маңында кен жыныстарын қазу жұмыстары жүргізіледі. Содан соң кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы Павлодар филиалының құтқарушылары іске кіріседі. Қазіргі уақытта жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Бас директор Қайролла Жүрсінбаев жер астында жатқан қос азаматты тауып алған соң ғана шахта іске қосылатынын жеткізді», - деген еді бұған дейін Нұрсұлу Шаймерден Kazinform агенттінінің тілшісіне берген сұхбатында.
Ал екінші құтқарушы – жедел автокөлік жүргізушісі Айып Тілеубергеновті іздеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасады.