Placeholder Мал бағатын адам табу қиындап барады
Фото: Pexels
Pexels
Қазақстан жаңалықтары23 қазан 2024, 9:00

Мал бағатын адам табу қиындап барады

Қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде мал шаруашылығын дамытуға мән беріліп, төрт түліктің басы өсіп келеді. Алайда шаруа қожалығының басшылары жайлау төсінде мал бағатын шопандар тапшы екенін айтады. Мамандар және шаруа қожалығы басшыларының ой-пікірі қандай, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады. 

Әлемдік тәжірибеге сүйенеміз бе?

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы 1 қыркүйекке дейін Сыр өңірінде 419,9 мың сиыр, 869,9 мың қой мен ешкі, 253,9 мың жылқы, 65,3 мың түйе және 130,4 мың тіркелген.

Кейбір шаруа қожалықтарында мал басы 2-3 отарға дейін жетті. Саны одан көбі де кездеседі. Десе де, оны бағатын адам қолының тапшылығы байқалады.

«Тоқсаныншы жылдарға дейін мал шаруашылығы мемлекеттің қамқорлығында болды. Әрбір ауылда 60-70 мыңға дейін қой мен ешкі күтімге алынғанын жақсы білеміз. Оның жемшөп мәселесі мемлекет тарапынан шешілетін. Шопандарға ерекше қамқорлық көрсетілді. Жалақысынан бөлек күзде сыйақы беріліп жататын еді. Сондай-ақ төл алуда алдыңғы қатардан көрінген шопандарға мал басымен сыйақы беріліп жататын. Сондықтан олардың жағдайы жаман болған жоқ. Еліміз егемендік алғаннан кейін бұл бойынша көптеген қиындық туындады. Мал шаруашылығы негізінен жекенің қолына өтті. Ендігі кезекте шаруалар жемшөп мәселесін өзі шешуге тура келді. Сол бір кезеңде мал басының кеміп кеткенін де жасыра алмаймыз. Екіншіден, елдің бұл кәсіпке деген қызығушылығы төмендеді. Жыл он екі ай төрт түліктің бабын жасаудың азабы аз емес. Қазір шопан болуға ешкімнің ықыласы жоқ. Ендігі кезекте бұл мәселеге басқаша қарауымыз қажет. Бұған байланысты әлемнің мал шаруашылығымен айналысатын мемлекеттерінің тәжірибесін зерттеу керек деп ойлаймын. Қазіргідей айдалада мал бағуға ешкімнің құлқы жоқ. Оны кооперативтік жүйеде дамытуға болады. Олай болмаған жағдайда қанша жалақы төлесең де, ешкім шопан болуға қызыға қоймайды», — дейді ҚР Фермерлер қауымдастығының облыстық филиал төрағасы Омархан Пашкенов.

Бұл мәселені ойлануға болатын секілді. Дүние жүзінде мал шаруашылығымен аты шыққан кейбір мемлекеттерде мұндай әдістер бұрыннан бері бар.

Малдың жайын білгені дұрыс…

Біраз жылдан бері мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан «Нұр Береке М» шаруа қожалығының басшысы Мақсат Ақмырзаев вахталық әдісті тиімді деп санайды. Ол Қызылорда қаласына қарасты Маханбетов ауылында шаруа қожалығында сиыр, жылқы, қой шаруашылығын дамытуға көңіл бөлген.

Шаруа қожалығының басшылары 200-300 мың теңгеге дейін жалақы ұсынатынын айтады. Соған қарамастан оған ниет білдірген тұрғындар саны кеміп барады.

«Жердің жұтаң болуына байланысты қыр беткейге көшіп келдік. Соңғы үш-төрт жылдан бері құрғақшылық байқалады. Осыған байланысты малдың жағдайын жасап, жер ауыстырып тұрамыз. Әрине, қай кезде де қол күші артықтық етпейді ғой. Сол бір сәтте өзімізбен бірге еңбек ететін адамдар табыла бермейді. Жердің жағдайына байланысты ауылдан қашыққа кетуге тура келеді. Әрине, ешкімді кінәлауға болмас. Десе де, қазір елдің шопан болуға құлқы жоқ. Тіпті елдің сөзінен қашып, оған келмейтін азаматтар бар. Алдымызда қыс келе жатыр. Шамамыз келгенше шөп жинап жатырмыз. Осындай тірліктің бәріне жұмыс қолы қажет. Алайда мұндай жұмысқа көп адам ықылас таныта бермейтіні тағы бар», — дейді Мақсат Ақмырзаев.

Оның айтуынша, төрт түлікті өсіруге кез келген адамды тағы алмайсың. Мейлінше малдың бабын білетін, жанашыр болғаны — басты шарттың бірі. Қысқасы, шопан болуға келген адамның өзіне қойылатын талап аз емес.

«Кезінде мал шаруашылығы саласында тәжірибелі шопандар болды. Олар малдың қоңына қарап, төлдің тез жетілуін қадағалайтын еді. Мұндай бейнеткеш азаматтардың арасынан Социалистік Еңбек ері атанған азаматтар шықты. Негізінде шопан болған адам жердің жағдайын, жайылым-өрісті білгені құба-құп», — дейді М.Ақмырзаев.

Еңбегіне қарай ақысы

Елдің ішінде сан түрлі адамдар бар. Айлар бойы малын бақтырып, жарытымды жалақы төлемейтін шаруа қожалығының басшылары да кездеседі. Адал ақы, маңдай терінің өтеуі қайтпаған қарапайым еңбек адамдары содан кейін шопандық кәсіпке аттап басқысы келмейді.

«Ауылдық жер болғаннан кейін көбісі келісімге ауызша келіп жатады. Ешқандай құжатқа қол қоймайды. Мұндай жағдайда еш нәрсені дәлелдей алмайсың. Сондықтан елдегілер де құжат мәселесіне дұрыс көңіл бөлуі қажет деп санаймын. Жалақының төмен болуы, дұрыс берілмеуі шопандық кәсіптің қадірін кетірді. Мен бір-екі мәрте дәл осындай жағдайды басымнан өткіздім. Сол себепті басқа жұмыс іздеуге тура келді. Қазір жалақыны тұрақты аламын. Жұмысым да ауыр емес. Жалпы, жастар шопан болуға неге ұмтылмайды дегеннен гөрі оның себеп-салдарына да үңілу қажет. Әйтпесе, ешкім бұрынғыдай ауыр жұмыс жасағысы келмейді. Ақысы да еңбекке сай болуы керек деп санаймын», — дейді бұрынғы малшы Нұрлан Бектемісов.

Бос жұмыс орнына маман іздейтін интернет платформада шопандарға 130 мың мен 200 мың арасында жалақы ұсыныпты.

Фото: olx.kz

Расында, малды игеруге бір адам аздық етеді. Тұяқты мал ауырмай тұрмайды. Жыл сайын түрлі ауруға дәрі ектіруің керек. Мұның барлығы шаруа қожалығының иесінің қалтасына оңай соқпайды.

Кейбір жағдайда мал иесі мен шопанның арасында соған байланысты дау туындап жатады. Бұл жағдайды да қаперге алған артық емес.

Өкініштісі, қазіргі уақытта қазақтың мал бағуға қыры жоқ. Тіпті атқа отыра алатын азаматтар қатары сиреп барады. Халқымызда «Балықшы дауылда, егінші жауында, малшы өлгенде тынады» деген мақал бар. Мәніне үңілсек, шопан еңбегінің қиындығын меңзеп тұр.

Қызылорда мао бағу шопан тапшы қойшы тапшы

Тақырыпқа жаңалықтар