Надежда Шушанникова: Қазақтың тілін, салт-дәстүрін бойыма сіңіріп өстім
ФОТО: Arbat.media
Arbat.media
Қазақстан жаңалықтары4 қазан 2024, 19:46

Надежда Шушанникова: Қазақтың тілін, салт-дәстүрін бойыма сіңіріп өстім

Қазақша білмейтін қазақстандықтардың мемлекеттік тілді меңгере алмауына не себеп? Ұстаздардың мәртебесі мен жалақысы туралы қоғамда қандай пікір қалыптасқан? Педагог мамандығына қызығушылықты қалай арттыру керек? Ұлағатты ұстаз болу үшін қандай болу керек? Ұстаздарға арнайы төсбелгі, марапат беру дәстүрін жаңғырту қажет пе? Тіл жанашыры — Өскемен қаласының Мәслихат депутаты, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Надежда Шушанникова аталмыш сұрақтарға пікірін айтып, ағынан жарылды, - деп хабарлайды Arbat.media.

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында, яғни қазақтардың ортасында туып-өскен Надежда, тіпті орыс тілін жетік білмейтінін мойындайды. Жұбайы Ресейге көшу туралы сөз қозғағанда үзілді-кесілді бас тартқан екен. Кішкентайынан қазақтың тілін, салт-дәстүрін бойына сіңіріп өскен Надежданың үйіндегі дастарқаны тары-талқан, қоспа, құрт, бауырсақ-шелпектен кенде болған емес. Етті жиі асып, қамырын өзі жайып, ата-енесінің де жүрегін жаулап алған.

ФОТО: Arbat.media

Надежда Шушанникова «қазақ тілін білмеудің басты себебі — қазақи ортаның жоқтығы» дейтіндермен келіспейді. Оның айтуынша, 70 айыздан асатын қаракөздердің ортасында жүріп-ақ, ынтасы бар адам қоғамдық орындарға барғанда тілді үйрене бастайды.

Мемлекеттік тілді үйрету курсын жүргізіп жүргенімде жасы сексеннен асқан әжей келді. Саяжайда қазақ көршілерімен емін-еркін, қоян-қолтық араласқысы келіпті. Сондықтан ниеті бар адамның мемлекеттік тілді меңгеруге еш кедергі жоқ.

ФОТО: Arbat.media

Надежда ұстаз болуды саналы түрде таңдағанын айтады. Мектепте оқып жүргенде қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мұғалімінің өзін-өзін ұстауы, сабақ беру әдісіне тәнті болыпты.

Сабағы қызықты өтетін. Мектепте қазақ тілінен түрлі байқауға қатысып,сол кезден-ақ қазақ тілінің мұғалімі боламын деп шештім. Анам басында қарсы болды, ауызекі тілден бөлек, тілді терең үйретудің жауапкершілігі мол екенін айтты. Дегенмен жоғары оқу орнына түсіп, магистр атандым. Бес жылдан бері мектепте қазақ тілін үйретіп келемін.

Надежда Шушанникова Кеңес Одағы кезінде мұғалімдерге деген құрметтің ерекше болғанын тілге тиек етті. Бәрі адамның тәрбиесіне байланысты, халықтың сана-сезімі мен ұстазға деген көзқарасы өзгеруі керек дей келе, Мемлекет басшысы соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысын өсіргенін айта кетті.

Жалақы әр ұстаздың еңбек тәжірибесі мен деңгейіне байланысты. Мен сарапшы деңгейінде аттестациядан өттім, бұйрықты күтіп жүрмін. Магистр дәрежесін қосқанда, былтыр 330 мың теңге жалақы алдым. Ал магистр дәрежесін қоспағанда, 290 мың теңге алатынмын. Жалақы ұстаздың алған сағат санына да байланысты.

Соңғы кездері оқушылардың өзіне қол салу оқиғасы жиілеп кеткеніне өкініш білдірген Надежда, ұстаз ата-анамен тығыз жұмыс өткізуі керек дейді.

Әр ата-анамен нәтижелі жұмыс болғаны жөн. Оқушылардың мінез-құлқы, қылығы, жүріс-тұрысы назардан тыс қалмағаны абзал. Сабақ басталардан бұрын оқушылардың ұялы телефондарын жинап алып, тәрбие жұмысына көбірек көңіл аудару керек.

Оның айтуынша, Өскеменде қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі мұғалімдеріне тапшылық жоқ. Өзі істейтін мектепке екі жыл қатарынан жас мамандар келіп жатыр екен. Дегенмен жас маманға мектепке жұмысқа орналасу қиын екенін жасырмады.

Мектеп әкімшілігінің арнайы деңгейі бар. Сарапшы,зерттеуші сынды маманды жұмысқа бірден алады. Ал жас мамандар еңбек биржасына тіркеліп, кез келген жұмысқа орналаса алады. Жас маман жоғары жалақы алуға асығады. Жоғары жалақылы маман еңбек жолын төменнен бастағанын білмесе керек. Өзім ұстаздықты аудармашылықтан бастадым. Жас маман төменнен жоғары, білікті маман болуға ұмтылу керек.

Кеңес одағы кезінде зейнетке шыққан ұстазды марапаттап, арнайы төсбелгі беретін дәстүрді жаңғырту керек дейді Надежда Шушанникова.

Қиын әрі жауапкершілігі мол мамандық иелері — дәрігер мен ұстаз. Сондықтан құрмет сыйлығы, орден, төсбелгі сынды марапатты қайта жаңғыртқан жөн.Ұстаздың қиын да, қызық қызмет жолы ескерілуге ттиіс.

Айта кетсек, алда ұстаздар күні. ҚР Оқу-ағарту министрі тамыз конференциясында ұстазға гүл сыйлауға болатынын айтқан еді.

Өкініштісі, тұрмыстық жемқорлық мектепте басталады деген түсінік белең алды. Мен бұл пікірмен мүлдем келіспеймін. Ұстаздың еңбегін бағалану керек. Гүл сыйлау — оқушының ұстазға деген құрметі, жылы көңілі, ықыласы. Сондықтан гүл шоғын сыйлауда тұрған әбестік жоқ деп ойлаймын.

Надежда Шушанникованың пікірінше, ұлағатты ұстаз — өз мамандығына берілген маман.

Мұғалім болу оңай емес. Ұстаздықты таңдаған Мұғалім болған оңай емес. Ұстаздықты таңдаған жан мамандығына берік, жүрегі мейірімді болса. Қандай жағдай болмасын,этика сақтап, оқушыға зекіп, дауыс көтермесе. Ақылды, кешірімді болса. Ұлағатты ұстаз болу — ерен еңбек.

 

 

Надежда Шушанникова Өскемен қазақ тілі ұстаздар күні

Тақырыпқа жаңалықтар