«Нұрайға 72 рет пышақ тығар едім» деп жазған желі қолданушысы ұсталды
Марқұм Нұрай Серікбайға қатысты әлеуметтік желіде ауыр әрі қорлайтын пікір қалдырған адамның ұсталғаны белгілі болды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Бұл туралы Нұрайдың туған-туыстарының құқығын қорғап жүрген адвокат Аянхан Омаров мәлімдеді.
Адвокаттың айтуынша, бұған дейін әлеуметтік желіде «Нұрайға 72 рет пышақ тығар едім» деген мазмұнда жария түрде пікір қалдырған @dkraken9 аккаунтының иесі полиция қызметкерлерімен анықталып, ұсталған.
«Нұрайға қатысты: “72 рет пышақ тығар едім” деп жария түрде пікір қалдырған @dkraken9 аккаунтының иесі полиция қызметкерлерімен анықталып, ұсталды. Қазіргі уақытта мен жәбірленуші тараптың өкілі ретінде Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбаймен бірге полицияға бара жатырмын. Істің әрі қарайғы барысы туралы қосымша ақпарат беремін», – деп жазды адвокат.
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары тергеу амалдарын жүргізіп жатыр. Күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беріліп, істің мән-жайы анықталуда. Адвокат істің барысы туралы алдағы уақытта қосымша ақпарат беретінін жеткізді.