Қазақстан жаңалықтары7 маусым 2024, 9:34

Павлодарда скутерге мінген екі жасөспірім Камазға соғылып көз жұмды

Жантүршігерлік жол-көлік апаты Павлодар-Ақсу автожолында болған. Ауыр жарақат алған екі жасөспірім де қайтыс болды. Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафинов хабарлағандай, Павлодар-Ақсу автожолында 15 жасар екі жасөспірім мінген скутер Камазға соғылған, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Апат салдарынан техника рулінде отырған бала сол жерде тіл тартпай кеткен. Ал екіншісі жедел жәрдем көлігімен Павлодар қаласындағы № 1 ауруханаға жеткізілген. Алайда алған жарақаты ауыр болып, ауруханада көз жұмды», -деп мәлімдеді полициядан.

Облыстық жедел жәрдем станциясының өкілдері көлік апаты жолдың Қарабай ауылы аумағында болғанын айтады, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Екі жедел жәрдем бригадасы жұмылдырылып, олар оқиға орнына 9 минутта жеткен.

Өкінішке қарай, медицина қызметкерлері екі жасөспірімнің де өмірін сақтап қала алмаған.

Аталған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жол-көлік апатының себеп-салдары жіті тексеріліп, сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Жасөспірім павлодар Скутер Апат

Тақырыпқа жаңалықтар