Қазақстан жаңалықтары5 сәуір 2024, 14:51

Қарағандыда екі баланың мәйіті табылды

Қарағанды облысының тұрғыны өз балаларын өлтірді деген күдікке ілінді. Сұмдық қылмыс Бұқар жырау ауданына қарасты шағын ауылдардың бірінде болған. Қарағанды облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2 және 4 жастағы балалар зорлық-зомбылық белгілерімен табылған. Ауыл тұрғындары анасы балаларын тұншықтырып өлтіргенін айтады. Оның мұндай әрекетке не үшін барғаны беймәлім, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазды.

Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаға қатысты түсініктеме берді.

«4 сәуірде Бұқар жырау ауданындағы елді мекендердің бірінде зорлық-зомбылық белгісі бар 2 және 4 жастағы балалардың мәйіті табылды. Сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыс жасады деген күдікпен балалардың анасы ұсталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама тағайындалды», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство тергеу мүддесіне сай өзге ақпаратты жариялауға болмайтынын айтты.

Қарағанды екі бала мәйіт

Тақырыпқа жаңалықтар