Қазақстан мен Кипр президенттері келіссөз жүргізді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Президенті Никос Христодулидис шағын құрамда келіссөз өткізді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастықты дамыту, саяси-экономикалық байланыстарды кеңейту және жаңа жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдан бері екі мемлекет арасындағы қарым-қатынаста оң ілгерілеу бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, елдер астаналарында елшіліктер ашылып, тікелей әуе қатынасы іске қосылған. Сонымен қатар бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылған.
Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге әлеует жеткілікті екенін айтып, Қазақстан бұл бағытта жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Ал Кипр Президенті Никос Христодулидис Қазақстанға алғаш рет тікелей әуе рейсі арқылы келгенін атап өтіп, екі ел арасындағы байланыстарды дамытуға мүдделі екенін айтты.
Ол қазіргі таңда Кипрдің Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етіп отырғанын еске салып, Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мәселесін талқылауға дайын екенін жеткізді.