Қостанайда полициядан қашқан ер адам көз жұмды
Қостанай облысында полицейлерден жасырынуға тырысқан ер адам қаза тапты, деп хабарлайды Arbat.Media.
Полицияның мәліметінше, патрульдік полиция ВАЗ-21093 көлігін тоқтатады. Жүргізуші оларды көре сала, жаяу жүргіншіге жол бермей қашады.
Жүргізуші полицейлердің артынан қуып келе жатқанын біліп, қарсы жолаққа шығып, бетон тірекке соқтығысады. Ол сол жерде қайтыс болды.
«Айналма жолайрығында жүргізуші қарсы бағытқа шығып, жарық бағанына соғылды. Жүргізуші оқиға орнында қаза тапты. Ал жолаушы ауруханаға жеткізілді», — деп хабарлады полиция.
Қаза тапқан ер адамның көлігінде туған бауыры отырған. Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, оның өміріне төніп тұрған қауіп сейіліп, жансақтау бөлімінен профильдік палатаға ауыстырылды.
Тексеріс барысында марқұм ер адамның бұрын мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғаны белгілі болды.