Қазақстан жаңалықтары22 ақпан 2024, 10:00

Құбырдағы ақау: Майқайыңдағы резервуарда екі тәулікке жететін су бар

Майқайың кенті мен «Богатырь-Көмір» АҚ-на су жеткізетін магистральды құбырда анықталған ақауды жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Жөндеу жұмысына 95 адам жұмылдырылған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

1020 мм-лік құбырдағы залалды қалпына келтіруге «Екібастұз қалалық су арнасы» МКК, «Шығыс» кеніші, «Инженерлік желілер» ЖШС және «Майқайың-алтын» АҚ мен Павлодар облысы төтенше жағдайлар департаментінен мамандар тартылған.

Барлығы 95 адамнан тұратын 10 бригада және 40 арнайы техника жұмылдырылды.

— Құбырдың төрт жерінде судың ықтимал қатуын және ауа жиналып қалуын анықтау үшін жер қазылып жатыр. Тағы 11 учаскеде құбырларды ашу жұмыстары жалғасуда. Қосымша 2 бригада Майқайың кентіндегі судың ағуын анықтап, қысымын өлшеп жатыр. Қазір кентке су төмен қысымда берілген, -деп мәлімдеді өңір әкімінің баспасөз қызметінен.

Майқайыңда көлемі 10 000 текше метр болатын резервуарда 2 тәулікке жететін су қоры бар.

Оны 231 жеке тұрғын үй, 58 көпқабатты тұрғын үй және 71 заңды тұлға пайдалануда.

Суды сырттан тасып жеткізу арқылы резервуар тұрақты түрде толықтырылып отыр.

Сондай-ақ, тұрғындарға ауызсу мен техникалық су цистерналы машиналар арқылы да тасымалдануда. Бұл жұмысқа 10 техника жұмылдырылған.

 

Майқайың резервуар Құбырдағы ақау

Тақырыпқа жаңалықтар