Құлсары-Доссор жолының су тасқынынан бүлінген бөлігі әлі жөнделмеген
Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары5 қыркүйек 2024, 10:34

Құлсары-Доссор жолының су тасқынынан бүлінген бөлігі әлі жөнделмеген

Көктемде Құлсары қаласынан Мақат ауданындағы Доссор кентіне дейін қатынайтын жолдың бір бөлігін тасқын су басқан еді. Кейін уақытша қалпына келтірілгенмен, жол бөлігіне орташа жөндеу жүргізу әлі басталған жоқ. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Аслан Дүйсеновтің мәліметінше, Жыл ауданының орталығы – Құлсары қаласы мен Мақат ауданындағы Доссор кентінің аралығын жалғайтын жолдың бүлінген тұстары анықталған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Су тасқыны кезінде аталған жолдың 101-102 шақырымының аралығын жырып кетті. Кейін жолдың 119-121, 122-123, 134-135 шақырымдарындағы аралығы бүлінгені анықталған.

«Бұрын бұл жолдағы 101-102-шақырым аралығында су өткізетін тұрба болмаған еді. Тасқын су жолдың бұл бөлігін жырып кетті. Содан соң темір тұрба салынып, уақытша қалпына келтірілген болатын. Енді орташа жөндеу кезінде уақытша салынған темір тұрба алынып тасталады. Оның орнына екі темірбетон тұрба салынады», -деді Аслан Дүйсенов.

Оның айтуынша, Құлсары қаласы мен Доссор кентінің аралығындағы бүлінген жолды орташа жөндеу әлі басталмаған. Өйткені, жөндеу жүргізетін мердігерді анықтау үшін конкурс жарияланған.

«Атырау облысында ауа-райы қарашаға дейін жылы болады. Демек, орташа жөндеу жұмысын бастауға мүмкіндік бар. Қараша айына дейін жолдың 101-102-шақырымы аралығына орташа жөндеу жүргізуді көздеп отырмыз», -дейді Аслан Дүйсенов.

Аталған жолдың 41,8 шақырымына орта жөндеу жүргізу көзделген. Орташа жөндеу келесі жылы да жалғасады.

Құлсары-Доссор Тасқын жөндеу

Тақырыпқа жаңалықтар