Қазақстан жаңалықтары12 наурыз 2024, 15:34

Құрдымға кеткен субсидия

Қаржы мониторингі агенттігінің Қостанай облыстық департаменті аса қомақты көлемде мемлекет қаржысын жымқырған ұйымдасқан топқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады. 50 шақты адамнан құралған қылмыстық топқа Beef Export Group ет өңдеу кәсіпорнының басшысы жетекшілік еткен, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Egemen.kz жазады.

Ұзақ уақыт бойы «ҚР агро­өнер­кәсіптік кешенін дамыту» ұлттық жоба­сын іске асыру шеңберінде мемлекет субсидия ретінде бөлінген бюд­жет қаражатын ұрлаумен айна­лы­сып келген қылмыстық топ мем­лекетке 3 млрд теңгеден астам шы­ғын келтірген. Сотқа дейінгі тергеу барысында 107 млн теңге өндіріліп алынған. Оған қоса күдіктілердің құны 3,1 млрд теңге көлеміндегі мүлкіне тыйым салынды.

Қаржы мониторингі агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жең ұшынан жалғасқан қылмыс­тық амал-әрекеттерге ұзын саны 49 адам тартылған. Оның 13-і – ұйым­дасқан топтың мүшесі. Осы 13 күдіктіге субсидияларды жымқырды, салық төлеуден жалтарды, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты, қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастырды, лауазымды тұлғаларға пара берген және құжаттарды қолдан жасаған деген айып тағылып отыр.

Ұйымдасқан топтың басшысы өз бақылауындағы компания қыз­метіне салықтық тексеру жүр­гіз­ген мемлекеттік қызметшіге қа­тыс­ты зорлық-зомбылық әрекет­те­рін қолданды деген күдікке ілігіп отыр.

Аталған қылмыстық іске Қос­танай, Ақтөбе, Солтүстік Қазақ­стан, Павлодар, Батыс Қазақ­стан облыстарындағы 30 шаруа қожалығының басшылары мен өкілдері күдікті ретінде тартылып жатқанын айта кету керек. Мұның сыртында, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының 3 бірдей лауазымды қызметкеріне ақша қаражатын ұрлауға және пара алуға жәрдемдесті деген айып тағылған.

7 ветеринарлық дәрігер құжат­тарды қолдан жасағаны үшін, ақпараттық жүйеге көрінеу жалған ақпарат енгізгені үшін, сондай-ақ заңсыз сыйақылар алғаны үшін айып­талып отыр.

 

Beef Export Group Жемқорлық субсидия Антикор

Тақырыпқа жаңалықтар