Қытайда тұратын қазақ жігіті «алып» трактор құрастырды
Қытайдың Құмыл аймағы Баркол қазақ автономиялы ауданында тұратын қандасымыз Жанат Ылайықұлы қуаты 460 ат күші болатын «алып» трактор құрастырып шықты. Ол өзі құрастырған көлікті әлеуметті желі арқылы таныстырды. Оның айтуынша, «BARS 4604» деп аталатын бұл трактор өзгеше мүмкіндіктерімен ерекшеленеді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Бұл жобаны зерттегеніме бірнеше жыл болды. Соңғы 3 айдың ішінде бөлшектерін сызба бойынша зауыттарға тапсырыс беріп, құрастырып, дайындадым. «BARS» - менің компаниямның аты, 460 – ат күшін білдіреді, 4 – төрт доңғалағы тартады деген мағынада. Ат күші жоғары болғандықтан жер жырту үшін пайдалануға арнап жасадым. Механикалық беріліс қораптарына өзгеріс енгіздім. Сонымен қатар трактордың тағы бір ерекшелігі, мұнда екі руль бар. Қазірге дейін басқа тракторларда жоқ қосымша руль өте қолайлы, жүргізушінің жұмысын көп жеңілдетеді», - дейді Жанат Ылайықұлы.