Қазақстан жаңалықтары2 желтоқсан 2023, 13:00

Қызылшаға қарсы міндетті жаппай иммундау басталды

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың сөзінше, бүгінде ел бойынша, оның ішінде Алматы қаласында қызылша ауруы бойынша жағдай тұрақты емес, - деп хабарлайды Arbat.media.

«Бүгінгі күні негізінен 5 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде 1 жасқа дейінгі балалар қызылшамен ауырып жатыр. Біз оларды ауруханаға жатқызып, ауруы асқынып кетпеуі үшін 3-4 күн бойы бақылаймыз. Біздің бүгінгі басты міндетіміз — қызылшадан қандай да бір өлім-жітімді болдырмау және аурудың асқынуын алдын алу. Сондықтан біз кішкентай балаларды инфекциялық стационарларға жатқызамыз», — деді ол.

Оның айтуынша, бүгінде ел бойынша стационарларда төсек-орындардың 52%-ы бос емес.

«Қызылша ауруы ауа тамшылары арқылы беріледі. Бүгінде науқастардың көбею себебі, соңғы 5 жылда екпе алмаған адамдар көбейген, тиісінше оларда иммунитет жоқ. Сол себепті олар бұл аурумен ауырады», - деді министр.

Ол қазір жағдай бақылауда екенін айтты. 6 қарашадан бастап ел бойынша қызылша, қызамық пен паротитке қарсы балаларды қосымша жаппай иммундау басталды.

«Қосымша иммундау ата-аналарының рұқсатымен екпе алмаған балаларға жүргізілді, ал қазіргі уақытта инфекцияны тоқтату үшін міндетті жаппай иммундау басталды», - деді Ажар Ғиният.

Ажар Ғиният қызылша Алматы жағдай

Тақырыпқа жаңалықтар