Репродуктолог: Белсіздік диагнозы қойылған еркек ЭКҰ-мен әке атана алады
Фото: СҚО перинаталдық орталық баспасөз қызметі
SQO perïnataldıq ortalıq baspasöz qızmeti
Қазақстан жаңалықтары14 қазан 2024, 15:00

Репродуктолог: Белсіздік диагнозы қойылған еркек ЭКҰ-мен әке атана алады

Бүгінде бедеулік пен белсіздік — үкім емес. «Аңсаған сәби» экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламасы аясында елімізде ұрпақсыздық мәселесі шешімін тауып жатыр. «Құтыдан шыққан» бала қалыпты жағдайға айналған. Десек те, әлі де ЭКҰ жайында көпшіліктің түсінігі аз. Солтүстік Қазақстан облысының бас репродуктологы Виктор Проценко бірқатар сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Arbat.media.

Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.

— Елімізде, соның ішінде СҚО-да экстракорпоральды ұрықтандыру қашаннан бастап жүргізіліп келеді?

— Қазақстанда ЭКҰ Алматыда «Экомед» медициналық орталығында алғаш 1996 жылы қолға алынды. СҚО-да 2010 жылы жүзеге асырыла бастады. Бастапқыда ел бойынша небары 100 квота бөлінді, ал осы 2010 жылдан бастап мың квотаға дейін бөліне бастады. Соның ішінде өңірге 15-25 қана квота берілді. Ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 2021 жылдан бастап республикаға 7 мың, облысқа 200 квота беріліп келеді. Төрт жылда СҚО-ға 777 квота бөлінді. Егер 1996 жылдан бастап елімізде ЭКҰ қолға алынса, қазір «құтыдан шыққан» алғашқы бала 28 жасқа толды.

— ЭКО арқылы туған баланың кейінгі өмірі бақылауға алына ма?

— Жоқ, олар ешқандай есепке-тіркеуге алынбайды. Десек те, өңірде 2021 жылдан бастап 236 әйел босанды, соның 27-де егіздер туды. Былтыр ЭКҰ-ға қатысқандар биыл босанып жатыр.

— Кім «Аңсаған сәби» бағдарламасына қатыса алмайды?

— Бұл бағдарламаға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін қатысуға болады. Сондай-ақ ақылы түрі бар. Шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, жасы 42-ден асқандар, аталық ұрығы жоқ ер адамдар және овариалды резерві төмен әйелдер қатыса алмайды.

— Ер адамда белсіздік болса, ол осы бағдарлама арқылы биологиялық әке бола ала ма?

— Ия, бола алады. Егер спермограмма аталық ұрықтың жоқтығын көрсетсе, онда ер адамға Micro-TESE отасын жасату ұсынылады. Бұл — ер белсіздігін жоғары технологиялық емдеу әдісі. Хирургиялық жолмен микроскопиялық техниканы пайдалана отыра аталық ұрықтан өмірге қабілетті жыныстық жасуша алынып, оны кейін ЭКҰ арқылы қолданады.

— ЭКҰ кезінде баланың жынысын таңдауға бола ма?

— Жоқ, бұған елімізде заң бойынша тыйым салынған.

— Қандай сырқаттарға репродуктолог ретінде көмектесе алмайсыз?

— Бала туатын органы — жатыры болмаса көмектесе алмаймын. Бізге осындай бір әйел көмек сұрап келді, кезінде белгілі бір себептермен ота жасалып, жатыры алынған екен. Бірақ балалы болғысы келді, оған тек суррогат ананың көмегіне жүгінуді ұсындық.Сондай-ақ егер онкологиялық аурумен ауырса, қант диабетінің ауыр түріне шалдықса, жасы 42-ден асып кетсе және жасына қарай гормоналды өзгерістерге ұшыраса да көмектесе алмаймыз.

— Қай кезде репродуктолог маманға қаралған жөн?

— Адамның балалы бола алу қабілеті шектеулі. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралу қажет. Егер ерлі-зайыпты бір жылдан артық бала көтермесе маманға барып, тексерілгені жөн. Бала сүйгісі келген әйелдің жасы 35-тен жоғары болса, мұндайда жылдан жылға оның аналық безінде овариалды резерві төмендей береді, сондай-ақ жүктілігі соңына дейін жетпей, жиі түсік тастаса — репродуктологтың көмегі қажет. Жалпы әйелде артық салмақ болса, бұл оның бала көтеруіне кері әсер етеді. Сондай-ақ зиянды әдет — темекі шегу, күйзеліс, инфекциялар, гормонның бұзылуы және овариалды резервтің төмендігі — көп жағдайда сәбилі болу үшін маман көмегіне жүгінуге тура келеді.

— ЭКҰ арқылы туған балалар аурушаң болып келеді дейді, осының басын ашып беріңізші…

— Жоқ, бұл жалған пікір. Ешқандай айырмашылығы жоқ, жалпы осы экстракорпоральды ұрықтандыруға қатысты бірнеше қауесет халық арасында тарап кеткен, мәселен, «пробиркадан» туған бала болашақта ұрпақсыз болады, ЭКҰ жасатқан әйел онкологиялық ауруға шалдығады немесе қолдан ұрықтандыру арқылы тек егіздер, не үшем немесе ауру және ақыл-есі кем бала туады, ЭКҰ-ны бірнеше рет істетсең, кейін өзің табиғи жолмен жүкті боласың — мұның барлығы жалған, халық арасында тарап кеткен аңыз.

Жалпы айтар болсақ, ЭКҰ — генетикалық материалды өңдеумен айналыспайды, біз оған араласа алмаймыз. Бұл тәсіл барынша ұрықтану және одан кейінгі кезеңде әйел ағзасында болатын табиғи процесті қайталауға тырысады. Ғылыми зерттеу нәтижелеріне сүйенсек, табиғи жолмен және экстракорпоральды ұрықтандыру арқылы туған балалардың еш айырмашылығы жоқ.

ЭКҰ белсіздік Репродуктолог Виктор Проценко

Тақырыпқа жаңалықтар