Шахтерлерге арналған төлем туралы заң қабылданды
Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда қабылданды, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл құжат Мәжілісте биыл 8 қарашада бірінші оқылымда мақұлданған еді.
Жалпы, заң үш құрылтайшымен қоғамдық бірлестік құруға мүмкіндік береді. Бұл құжатта қолданыстағы заңнаманың нормаларына сәйкес келтіру, атап айтқанда республикалық маңызы бар қалалардың қоғамдық бірлестігінің мәртебесін айқындау, сондай-ақ қоғамдық бірлестіктер құру мәселелерін құқықтық реттеу және басқаларына бағытталған нормалар ұсынылды.
«Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жолдауын орындау үшін Үкімет заң жобасына еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты адамдарды әлеуметтік қорғауға бағытталған бірқатар түзету енгізуді ұсынған. Осыған сай депутаттар Әлеуметтік кодекске арнайы әлеуметтік төлем енгізу жөніндегі нормалар енгізді. Бұл төлем қызметкер 55 жасқа толған болса, кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген болса және азамат зиянды жұмыстардағы қызметін тоқтатқан кезде жүзеге асады», – деді депутат Нартай Сәрсенғалиев.
Әлеуметтік төлем мынандай негізгі бағыттардан құралады:
- республикалық бюджеттен берілетін арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіби төлемнің 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемінен;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемінен тұрады.
Депутат атап өткендей, зиянды жұмыста істейтін азамат міндетті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы жинақтарын 55 жаста немесе 63 жаста алтынын өзі шешеді.
«Еңбек жағдайлары зиянды жұмыстармен байланысты азамат «арнайы әлеуметтік төлем алып зиянды жұмыстан кетемін дей ме, әлде әрі қарай қызмет ете беремін дей ме» өзі шешеді. Арнайы әлеуметтік төлем зейнеткерлік жасқа толғанға дейін жүргізіледі», – деді Н.Сәрсенғалиев.
Бұған қоса, азаматты қызметтік міндеттерін орындау кезіндегі жазатайым оқиғалардан қорғау үшін, міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру жөніндегі нормалар ұсынылды. Адам денсаулығына зияны бар өндірісті жүзеге асыратын компания сақтандыру компаниясына белгілі бір мөлшерде төлем жасайды. Сақтандыру компаниясы сол қаржының 6 пайызын жұмыс берушіге қайтаруы тиіс. Ол қаражат қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға жұмсалады. Сақтандыру ұйымдары еңбек жағдайында зардап шеккен қызметкердің шипажайдағы емін төлеуге тиіс. Ол 100 АЕК-тен аспауы керек.
«Жазатайым оқиға салдарынан жараланған қызметкердің кінәсі сақтандыру төлемін жасау кезінде қарастырылмайды. Бұл – өте маңызды норма. Сондай-ақ, өндірісте зардап шеккен адамдардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау бойынша нормалар ұсынылды», - деді депутат.
Осы құжат аясында қаралатын мәселелер саласының кеңеюін ескере отырып, депутаттар заңның тақырыбын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» деп өзгерту жөнінде ұсыныс енгізді.
Талқылаудан кейін палата депутаттары осы заңды қабылдады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 55 жасқа толған шахтерлерге төленетін әлеуметтік төлемнің сомасы белгілі болды.