Семейде нәрестені қоқысқа тастаған экс-полицей өмір бойына сотталды

Семейде жаңа туған сәбидің өліміне қатысты сот үкімі шықты.Баланың әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал анасына екі жыл түрме жазасы тағайындалып, рақымшылық негізінде жазадан босатылды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Үкімді 15 қазанда Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жариялады. Іс бойынша жауапқа тартылған ер адам мен әйел бұған дейін ішкі істер органдарында қызмет еткен.

Оқиға 2026 жылғы 3 ақпанда болған. Семейде қоқыс контейнерінен сүлгіге оралған нәрестенің денесі табылған. Тергеу барысында әйелдің баланы үйінде жасырын босанғаны анықталған. Кейін ол қарым-қатынаста болған ер адамға хабарласқан. Ер адам нәрестені көлікпен алып кетіп, қоқыс жәшігіне қалдырған.

Сараптама қорытындысы сәбидің тірі туғанын көрсеткен. Нәресте кейін денесінің қатты тоңуынан шетінеп кеткен.

Сот 2000 жылы туған ер адамды Қылмыстық кодекстің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп таныды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтейді. Сонымен қатар полицияның аға лейтенанты арнаулы шенінен айырылды.

2005 жылы туған әйел Қылмыстық кодекстің 100-бабы — “Ананың жаңа туған баласын өлтіруі” бойынша кінәлі деп танылды. Сот оған екі жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындағанымен, рақымшылық туралы заңға сәйкес жазадан босатты. Әйел полицияның кіші сержанты шенінен де айырылды.

Сотталушылар тағылған айып бойынша кінәсін мойындамаған. Сот олардың кінәсі хат алмасулар, куәлік айғақтар мен сараптама қорытындыларын қоса алғанда, жиналған дәлелдермен расталды деген тұжырымға келген.

Семейде Сәби Қоқыс жәшігі полиция қызметкері

Тақырыпқа жаңалықтар