Сомнолог: Уақыт белдеуі өзгерісіне қалай жеңіл бейімделуге болады
Ресей ғылым академиясы А.Н. Северцов атындағы экология және эволюция мәселелері институтының аға ғылыми қызметкері, сомнолог Владимир Ковальзон қазақстандықтардың жаңа уақыт белдеуіне қалай бейімделу керектігін және олардың шағымының басты себебін айтып берді. Сарапшының айтуынша, қазақстандықтардың денсаулығына қатысты барлық проблема уақыт белдеуінің өзгеруінен емес, жұмыс режимін реттеуден туындайды. Ол аталған факторлар бір-бірімен байланысты болса да, екі түрлі дүние деп түсіндірді. Жұмысшылар басшылығымен жаңа уақыт белдеуіне көшуге байланысты жұмыс кестесі туралы өзара келісуі керек. Уақытты геофизикалық факторлар бойынша есептеген жөн, - деп хабарлайды Arbat.media.
«Бұл уақытты реттеудің жалғыз әдісі. Ал сағат қаншада тұру, жату керектігін ыңғайыңызға қарай сол жерде реттеуге болады. Айталық, адамдар көктемде ерте тұрғысы келеді, ерте тұрыңыз, ал күзде жұмысқа кешірек кірісіңіз», - деді Владимир Ковальзон, - деп жазады Kazinform агенттігі.
Маман адамдар жұмыс кестесін өз бетінше және оны күннің атуына байланысты реттей алатындығын түсіндірді. Осы бағытта жұмыс жүргізілмегендіктен, адамдар өзін нашар және әлсіз сезінетіні туралы шағымдар түсіреді.
«Неге таң атысымен ұйқысы қанбаған сәбиді балабақшаға апарады? Себебі ата-анасы сағат 8 немесе 9-ға дейін жұмысқа баруы керек. Бізде Мәскеуде таң атысымен ығы-жығы, сондықтан да метрода отыру мүмкін емес. Адамдар ағылып жатады, метроға кіре алмайсыз. Көбісінің жұмысы бір уақытта басталады», - деп түсіндірді ол.
Осы орайда сарапшы жоғарыдағы жұмыс тәртібін қолдамайтындығын білдірді. Оның пікірінше, уақыт белдеуі өзгерген жағдайда адамдар жұмыс кестесін өзара шешуге тырысуы тиіс. Ол қазақстандықтарға сағатқа қарамастан, күн шыққаннан кейін тұруды ұсынып отыр.
Айтуынша, уақытты реттемеудің арты ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін, әсіресе жаңа уақытқа бейімделу қиынға соғатын адамдар үшін.
Сомнолог адамдардың үш түрі барын айтып, олардың уақыт өзгерісіне бейімделу ерекшелігін құстарға теңеді, яғни үкі, бозторғай және кептер. Олардың арасында әлемде ең көп таралғаны кептер тектестер екен, бұл санатқа жататын адамдар биологиялық сағатты өз қалауы бойынша реттей алады, яғни жұмыс талабына тез бейімделе алады.
«Бірақ туа біткен бозторғай немесе үкі атанып кеткендер бар, оларды өзгерте алмайсыз. Олар тумасынан солай, яғни ерте жатқанымен бірден ұйықтай қоймайды. Егер ол ерте тұрса, демек, ұйқысы қанбады деген сөз, ал жеткілікті ұйықтамаса, оның басы жұмыс істемейді. Ол өте нашар жұмыс істейді, шаруада ұқыпсыз болады және қателікке жол береді. Ал көлік жүргізсе, тіпті қауіпті, жол-жөнекей соқтығысуы мүмкін. Сондықтан адамды тексермей жатып, оның жаратылысын анықтай алмайсың», - деп түсіндірді Владимир Ковальзон.
Сондай-ақ сарапшы адамға бір сағаттық уақыт өзгерісіне үйрену үшін бір күннің жеткілікті екендігін айтты. Адам осы уақыт ішінде әдеттегі қалпына келеді. Бірақ іс жүзінде басқаша болуы да мүмкін. Кейбір адамдар уақытқа бейімделуі үшін бірнеше күн, тіпті екі аптаға жуық уақыт қажет етеді немесе керісінше уақытқа лезде бейімделуі мүмкін. Бұл адамның генетикасына, жасына және әдетке байланысты.
В. Ковальзон әріптестерімен Мемлекеттік Думаға (Ресейдегі Парламенттің баламасы) барып, адамдардың күн сәулесінен екі сағат бұрын өмір сүруге дағдыланғанын дәлелдеуге тырысқанын еске алды. Алайда оның дәйегіне құлақ аспаған. Содан кейін көптеген ресейліктер бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы өтініш жазған. Әсіресе мектеп оқушыларының ата-анасы қатты алаңдаған. Олардың айтуынша, балалар ерте тұруға мәжбүр және алғашқы сабақтарда үнемі ұйықтап отырады.
«Адамдар жаңа режимге бейімделген кезде өзін жайсыз сезінеді. Егер сіз демалыстағы уақытпен өмір сүрсеңіз, күн сәулесінен бір сағат бұрын оянасыз. Бұл артық, қажет емес. Бұл қысқы және жазғы уақыт жүйесін алғаш рет Франклин XVIII ғасырда жарықшамды үнемдеу үшін ұсынған», - деп еске алды ол.
Ковальзонның пікірінше, егер шенеуніктерге адамдарды ерте оятуға мәжбүрлеу керек болса, уақытты жылжытпай-ақ жұмыс кестесін ауыстырса болар еді. Сомнолог уақыттың ауысу фактісін теріс қабылдайды. Уақытты есептеу XIX ғасырдың аяғында Вашингтон конференциясында ұсынылған уақыт белдеуіне қатаң бағынуы тиіс.
Оның пікірінше, бұл жаһандану кезіндегі әлемдік уақытты анықтаудың дұрыс әрі ғылыми негізделген жалғыз әдісі.
«Аталған әдіс бойынша сіз қалаған уақытта тұра аласыз, ол сіздің шаруаңыз. Бұл уақытты есептеуді өзгерту керек дегенді білдірмейді. Қаласаңыз, қараңғыда тұрыңыз, ол кезде сізде күндізгі уақыт көп болады. Сізге ыңғайлы болса, ұнаса немесе жұмысыңыз мүмкіндік берсе солай жасаңыз. Қалай болғанда да, сіз күнді ерте шығаруға немесе кеш батуға мәжбүрлей алмайсыз», - деп толықтырды маман.
Сөз соңында сомнолог маман уақыт белдеуі ауысының жаңа туған сәбилерге әсеріне қатысты шағымдардың түсініксіз екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, сәби тәулік бойы жасанды жарық немесе қараңғы бөлмеде болады, ересектер секілді уақытқа қарамайды. В. Ковальзон бұл қиындықтар сәбидің ата-анасымен байланысты деп болжады.