Сот Алматыда ұсталған Ақтау прокурорының әрекетінен заңбұзушылықты таппады

Сот Ақтау прокуроры Ерболат Әбдіровтың әрекеттерінен әкімшілік құқық бұзушылық құрамын таппады. Бұған дейін оның ұсталғаны туралы ақпарат желіде жарияланған болатын, деп хабарлайды Arbat.Media.

Сот Әбдіровтың қоғамдық орында бейәдеп сөздер айтпағанын, басқа адамдарға тиісіп, оларға құрметсіздік білдірмегенін және қоғамдық тәртіп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын әрекеттер жасамағанын анықтады.

Оқиға 27 тамызда болған. Әбдіров Алматы әуежайында екі ағайындымен танысып, олардың жерлесі болып шыққан. Кейінірек жолаушыларды ұшаққа апарған автобуста бір жағдай болған-мыс.

28 тамызда Алматы әуежайының ЖПБ қызметкері Әбдіровке қатысты әкімшілік хаттама толтырған. Ағайындылар сотта олардың прокурормен арасында жанжал болмағанын айтып, Әбдіровке ешқандай шағымдарының жоқ екенін жеткізген.

Сондай-ақ, сот автобустың қоғамдық көлік (орын) емес, арнайы көлік екенін ескерген. Ал сараптама прокурордың "есін білгенін, сөзі анық, ойын жеткізу қабілеті бұзылмағанын, уақытты, өзін және жағдайды дұрыс бағдарлағанын" анықтады.

10 қыркүйекте судья Иниятулла Досетов істі әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты. Сот қаулысына шағым немесе Маңғыстау облыстық сотына апелляциялық өтініш Ақтау мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты арқылы қаулы көшірмесі тапсырылған күннен бастап 10 тәулік ішінде берілуі мүмкін.

Еске сала кетейік, 9 қыркүйекте телеграм-арналарда Әбдіров Алматы әуежайында мас күйде шу шығарғаны үшін ұсталып, айыппұл салынғаны хабарланған еді. Кейін Маңғыстау облысының прокуратурасы оған қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Ақтау Прокурор Ақпарат Заң

Тақырыпқа жаңалықтар