Сотталғандарға қатысты азаптау фактілері тіркелген жоқ – ҚАЖ комитеті
Биыл сотталғандарға қатысты қызметкерлер тарапынан азаптау фактілері тіркелген жоқ. Бұл туралы ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Теңізжан Жәнібеков айтып берді, - деп хабарлайды Arbat.media.
Бұл туралы Kazinform агенттігі жазады.
«Біздің қызметіміздегі басты назар азаптау мен қатігез қарым-қатынасты жоюға бағытталған. Сондықтан еліміздің пенитенциарлық жүйесінде ашықтық пен анықтық саясаты іске асырылып жатыр. Біз Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен, қоғамдық-бақылау комиссияларымен, ұлттық алдын алу тетігімен белсенді өзара іс-қимыл жасаймыз», - деді комитет төрағасы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Бұл ұйымдардың өкілдері мекемелерге баруға, қамаудағылармен кездесуге, құқықтардың сақталуына үнемі мониторинг жүргізеді. Оған қоса, әлеуметтік іс-шаралар өткізуге құқығы бар.
«Биыл сотталғандарға қатысты қызметкерлер тарапынан азаптау фактілері тіркелмеген. Кейбір сотталғандар жазаны өтеу тәртібін сақтамайтынын ескеру қажет, ол үшін олар әкімшілікке қысым жасаудың түрлі арандатушылық тәсілдерін, оның ішінде жалған шағымдануды қолданады. Осыған қарамастан, сотталғандардың арыз-шағымдары, зорлық-зомбылық немесе заңсыз қатыгездік шараларын қолдану туралы әрбір хабарламасы төтенше жағдай ретінде қабылданады. Мұндай хабарламалардың барлығы міндетті түрде тіркелуге жатады және олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі», - деді комитет басшысы.