СҚО-да Міржақып Дулатұлының мемориалын қасақана қиратып кеткен

Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының Петровка ауылының маңында жеке кәсіпкерлердің, Алаш қайраткерлерінің ұрпақтарының көмегімен салынған мемориалдық кешенді белгісіз біреулер қиратып кетті деп хабарлайды Arbat.Media.

Бұл туралы тарихшы, алаштанушы Заңғар Кәрімхан әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

Заңғар Керімхан мемориалдық кешен Алаштың аса көрнекті қайраткері, жазушы-журналист Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай жасалғанын мәлімдеді.

Тарихшының айтуынша, қазіргі заманғы инженерлік-архитектуралық талаптарға сай жасалған, биіктігі 28 метр болатын еңселі ескерткіш 27 қыркүйекте ашылуы тиіс болған екен. Бірақ уақыт жақындағанда ұйымдастырушылар қасақана қиратылған мемориалдық кешенді көріпті.

«Кешенді жасаушылардың айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі техника, крандар, жұмысшылар жіберіп, кешенді талқандауды бастаған. Ұшар басындағы қыранның символдық бейнесін, айналасындағы шам бағандарын, мемориалдық тақтаны сындырып, бұзып кетеді. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен оның айтқанын екі етпейтін орынбасары Жүсіп Жұмағұлов басқаратын әкімдіктің ойынша, «Алаш» партиясына, Алаш Орда үкіметіне және оның көсемдеріне 28 метрлік мұндай керемет ескерткіш орнатуға болмайды-мыс», — деп жазды тарихшы.

Заңғар Керімхан облыс әкімдігі жіберген кемшілікті түзеп, ескерткішті қалпына келтіріп, кешеннің ашылуын дұрыстап ұйымдастыруын талап етіп отыр.

«Бұл кешен тек Міржақыпқа ғана қатысты емес, осы өлкеге ғана тиесілі емес, Әлихан, Ахмет, Жаһанша, Мұхамеджан, Смағұл сынды тау тұлғаларға құрмет деп есептеледі», — деп жазды Заңғар Керімхан.

СҚО жамбыл Аудан Міржақып Дулатов

Тақырыпқа жаңалықтар