Сұлтан Сәрсемәлиев енесінің жанын қалай алғанын айтты
Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты атышулы іс қаралып жатыр. Отырыста тергеу кезінде түсірілген бейнежазбалар көрсетіліп, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев оқиғаның қалай болғанын баяндады, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қылмыс 2025 жылдың қараша айының басында Қызылқоға ауданындағы Жангелдин ауылында болған. Айыпталушының айтуынша, ол бұған дейін жұбайының туыстарымен балалар тәрбиесі мен отбасылық мәселелерге байланысты жиі жанжалдасып жүрген.
Сәрсемәлиевтің сөзінше, 2 қарашаға қараған түні ол әйелі Ақбаян мен балаларын ертіп ауылға келген. Келесі күні таңертең қайын енесі Нәсіп Өтешқалиева балалардың ауылда қалуын, ал Ақбаянның күйеуімен бірге қалаға кетпеуін талап еткен. Кейін бұл әңгімеге қайын атасы Мақсот Қарабалин де араласқан.
Сотта айыпталушы сол сәтте бірнеше ой келгенін айтты. Оның сөзінше, үйден кету, өзіне қол жұмсау немесе жұбайының туыстарына қастандық жасау туралы ойлаған. Кейін өзіне қол жұмсаудан бас тартып, кісі өлтіруге бел буғанын жеткізді.
Тергеу кезінде түсірілген бейнежазбада Сәрсемәлиев асүйден пышақ алып, сарайға кіргенін айтқан. Оның сөзінше, артынша сарайға бауырсақ пісіріп жүрген енесі Нәсіп кірген. Сол кезде ол әйелге пышақпен шабуыл жасаған.
«Кідірген жоқпын, тез өлтірдім. Егер бір сәтке болса да тоқтасам, ештеңе жүзеге аспай қалар еді», – деді айыпталушы бейнежазбада.
Сәрсемәлиевтің айтуынша, көп ұзамай сарайға қайын атасы Мақсот кірген. Айыпталушы оған да шабуыл жасағанын мойындады.
Қылмыстан кейін ол үйге қайта кіріп, ештеңе болмағандай жүргенін айтты. Кейін ізін жасыру үшін қабырғадағы қан іздерін тазалағанын жеткізді.
Айыпталушы алғашында мәйіттерді басқа жерге апарып тастауды ойлағанын, бірақ біреулер байқап қояды деп қауіптенгенін айтты. Осыдан кейін денелерді сарай ішіне көмуге шешім қабылдаған. Оның сөзінше, шұңқырды түн ортасында қаза бастап, таңға дейін жұмыс істеген.
Келесі күні ол жерленген орынды жасыру үшін артық топырақты қаптарға салып шығарған. Кейін шұңқырдың үстін пленкамен, линолеуммен және кілеммен жауып, үстіне ескі диван қойған.