Шымкентте алаяқтар зейнеткердің 46 млн теңгесін қолды қылған
Шымкентте полиция зейнеткердің 46 млн теңгесін қайтарып берді, деп хабарлайды Arbat.media.
Зейнеткерге өзін ұялы байланыс операторымын деп таныстырған белгісіз тұлға қоңырау шалып, сим-картасының мерзімі аяқталғанын айтқан. Нөмірінің қызметін ұзарту үшін азаматша СМС-кодты хабарлаған. Араға аз уақыт салып, "құқық қорғаушылар" хабарласып, әйелдің шотында күмәнді операциялар басталғанын және алдыңғы қоңырау шалған адам алаяқ екенін жеткізген.
Дүрбелеңге түскен зейнеткер жиған-тергенін сақтап қалу үшін күдіктілердің айтқанын бұлжытпай орындайды: есепшотындағы бар ақшаны шешіп алып, оны "сенімді қолға" уақытша сақтауға тапсырған.
Киберпол қызметкерлері күдіктілерді анықтап, жан-жақты және толыққанды тергеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жәбірленушіге келтірілген шығын түгел өтелді.
Сот үкімімен екі күдіктінің әрқайсысына 5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.