Шымкентте миллиондаған долларлық бизнесті иемденген күдікті құрықталды
Шымкентте құны шамамен 2,5 млн АҚШ долларын құрайтын бизнесті алаяқтық жолмен иемденген күдікті ұсталды, деп хабарлады Arbat.Media.
"Ол есеп айырысу криптовалютамен (биткоинмен) жүргізіледі деген сылтаумен компания мен оның мүлкін өз атына рәсімдеуді ұйымдастырған. Заңды рәсімдер аяқталғаннан кейін бұрынғы иесіне криптоәмиянға қол жеткізу үшін жалған мәліметтер берілген, яғни іс жүзінде төлем жасалмаған", - делінген хабарламада.
Кейін жағдайды пайдаланып, күдікті бұрынғы иесіне компанияда оған қатысты әшкерелейтін материалдар бар екенін айтып, оларды таратпау үшін 250 мың АҚШ долларын талап еткен.
Жедел іс-шаралар барысында күдікті талап етілген соманың бір бөлігін 150 мың АҚШ долларын алу кезінде ұсталды.
Алаяқтық және бопсалау фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.