Танымал қазақстандық әнші қаза тапты
Қазақ өнері ауыр қазаға ұшырады. Танымал әнші, өнер қайраткері Болат Әбдіахметов өмірден өтті. Қаралы хабарды өнер иесінің жақындары әлеуметтік желі арқылы жеткізді, деп хабарлайды Arbat.Media.
Жақындары әншінің қазақтың кәсіби музыка өнерінің дамуына елеулі үлес қосқанын атап өтіп, оның отбасы мен туған-туыстарына көңіл айтты.
Болат Әбдіахметов Шығыс Қазақстан облысының Шар қаласында дүниеге келген. Ол Мәскеу мемлекеттік музыка училищесінде эстрада және джаз бағыты бойынша кәсіби білім алған.
Шығармашылық жолында әнші Қазақстан сахнасымен шектелмей, Өзбекстан, Ресей, Қытай және Таиландта өнер көрсетіп, қазақ әндерін шетелдік көрерменге таныстырды.
Көпшілік Болат Әбдіахметовті «Жалаңаяқ қыз», «Сұлуым» секілді әндері арқылы жақсы біледі. Әсіресе Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Жалаңаяқ қыз» әні оның шығармашылығында ерекше орын алды. Бұл туынды Қазақстан мен Орталық Азиядан бөлек, Еуропаның бірқатар еліндегі тыңдарманға да жеткен.
Өнер иесінің қазасына байланысты әріптестері, достары мен тыңдармандары оның отбасына көңіл айтып, әншінің қазақ мәдениетіне қосқан үлесін еске алып жатыр.