Тәтті мақта сатушысы Сайран көлінде ыдысын жуған
Алматыдағы Сайран көлінің жағасында тәтті мақта сатумен айналысқан азаматтың көл суында ыдыс жуып жатқан әрекеті әлеуметтік желіде таралып, жұртшылықтың сынына ұшырады. Осыдан кейін полиция оқиғаға қатысты тексеру жүргізіп, сатушыға әкімшілік шара қолданды, деп хабарлайды Arbat.Media.
Қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, азамат ыдыс-аяқты арнайы белгіленбеген жерде жуып, абаттандыру қағидаларын бұзған. Мамандар мұндай әрекеттер санитарлық талаптарға қайшы келіп, қоршаған орта мен тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін екенін айтты.
Полиция қоғамдық орындарда сауда жасайтын кәсіпкерлерді қолданыстағы ережелерді сақтауға шақырды. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тұрғындарға тағам өнімдерін тек ресми әрі рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алуға кеңес берді.