TikTok-та былапыт сөз айтқан екі блогер қамалды

Алматының Наурызбай ауданында TikTok желісіне былапыт сөздер айтылған бейнежазба жариялаған екі азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Arbat.Media.

Наурызбай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде екі азаматтың балағат сөздер айтып тұрған видеосын анықтаған. Олар видеодағы әрекетін әзіл ретінде көрсеткен.

Полиция бейнежазбаға қатысушылардың жеке басын анықтады. Олар 25 жастағы Ибраим Стамбеков пен 21 жастағы Абай Абдыханов болып шыққан.

Сот шешімімен екі азамат та кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 тәуліктен әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Полицияның мәліметінше, қоғамдық ақпарат кеңістігінде былапыт сөздер мен қорлайтын сөздерді жария түрде қолдану, оны әзіл ретінде ұсынған жағдайда да, заңда белгіленген жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Алматы Наурызбай полиция блогер

Тақырыпқа жаңалықтар