Төрт оқушы партаның астынан тапқан таблеткадан уланып қалды
Оқиға 12 қазан күні Павлодардағы №11 мектепте математика сабағы кезінде болған, деп хабарлайды Arbat.Media.
6-сынып оқитын төрт оқушы парта астынан екі белгісіз таблетка тауып алған. Оқушылардың бірі таблеткаға жақындаған соң өзін жайсыз сезінген. Кейін тағы үш баланың да жағдайы нашарлаған.
Сосын олар мектеп медбикесіне жүгінген. Артында төрт оқушының үшеуі ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оларды тексеріп, үйіне жіберді.
Қызметтік тексеру кезінде таблеткалардың еден жууға арналған, құрамында хлоры бар дихлор екені анықталған.
Алайда мектеп әкімшілігі бұл таблеткалардың оқу орнына тиесілі емес екенін мәлімдеді. Оларды сыныпқа кім әкелгені әзірге белгісіз.
Оқиғадан кейін сабақ өткізген математика мұғалімі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оқушылар келесі күні сабаққа қайта барған.