Үйі суға кеткен тұрғын құқығын сотта қорғап шықты
Фото: Мұхтар Холдорбеков/ Kazinform
Kazinform
Қазақстан жаңалықтары12 қазан 2024, 9:00

Үйі суға кеткен тұрғын құқығын сотта қорғап шықты

Батыс Қазақстан облысында әкімшілік сотпен су тасқынынан зардап шеккен тұрғынның құқығы қорғалды.БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен нысандарды тексеру, келтірілген материалдық шығынды есептеу жөніндегі аудандық комиссияның шешімімен азамат И-дың меншік құқығында өзге тұрғынжайы болуына байланысты тұрғын үймен қамтамасыз етуден бас тартылған, - деп хабарлайды Arbat.media.

Талап қоюшы шығарылған шешіммен келіспей, Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына шағым түсірген, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Сотта талап қоюшы бұрынғы тұрған үйі тұруға жарамсыз болғандықтан, 2021 жылы отбасымен көшіп кеткендігін айтып, дәлелдеме ретінде сотқа үйдің апатты жағдайда екендігі туралы техникалық қорытындыны ұсынды.

Судья сот отырысында техникалық қорытындыны зерделеп, оның қатыстылығы, жарамдылығы мен анықтығын айқындап, істі шешуге дәлел ретінде алуға негіз бар деп тапты. Сөйтіп, азамат И-дың меншігінде басқа тұрғын үй тіркелгенімен, оның сәулет-құрылыс нормаларына сәйкес келмейтіндігі, яғни апатты жағдайда болуы шешім қабылдаған кезде комиссия тарапынан еленбей қалған, сол себептен сот дау айтылған шешімді заңсыз деп тануға толық негіз бар деген тұжырымға келді.

«Сот шешімімен аудан әкіміне дау айту туралы әкімшілік талап қою қанағаттандырылды, комиссияның шешімі заңсыз деп танылып, күші жойылды. Аудан әкімдігі жіберілген бұзушылықты жойып, талап қоюшының бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіруге міндеттелді», деп хабарлады ведомстводан.

 

БҚО Тасқын сот құқық

Тақырыпқа жаңалықтар