Қазақстан жаңалықтары8 маусым 2024, 17:00

Ұлттық қор жарты жылда 464,4 млрд теңге инвестициялық табыс тапты

Жарты жылда Ұлттық қордың инвестициялық табысы – 464 млрд 429 млн 443 мың теңге болған. Бұл ақшаның тең жартысы 2025 жылдың басында «Ұлттық қор – балаларға» жобасының аясында 18-ге толмаған қазақстандықтардың шоттарына теңдей аударылады, - деп хабарлайды Arbat.media.

2024 жылдың 1 қаңтарында Ұлттық қорда 29 трлн 114 млрд 766 млн 638,5 мың теңге болған. Қаңтар-маусым аралығында бұл соманың үстіне 2 трлн 645 млрд 486 млн 146,7 мың теңге түсім кірген, - деп жазады Kazinform агенттігі.

Ұлттық қордың түсімдері мынандай алым-салық түрлерінен қалыптасқан:

- корпорациялық табыс салығы – 751 млрд 897 млн 712,5 мың теңге; - үстеме пайдаға салынатын салық – 36 млрд 515 млн 343,7 мың теңге;- бонустар – 121 млн 912,2 мың теңге;- пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық (роялти) – 534 млрд 438 млн 388,7 мың теңге;- экспортқа рента салығы – 185 млрд 166 млн 969,7 мың теңге;- өнімді бөлісудегі Қазақстанның үлесі – 580 млрд 523 млн 536,7 мың теңге;- жер қойнауын пайдалануға салынатын баламалы салық – 88 млрд 329 млн 931,9 мың теңге;- мемлекеттің мұнай ұйымдарына салатын әкімшілік айыппұлдары, өсім пұлдары, санкциялар мен өндіріп алулар – 784 млн 646,8 мың теңге;- мұнай өндірісі келтірген зиянның орнын толтыруға алынған қаражат – 98 млн 191,4 мың теңге;- ұлттық холдингтер мен ұлттық компанияларға тиесілі болған активтерді бәсекелес ортаға беруден түсетін түсімдер – 47 млн 441,5 мың теңге;- ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер – 15 млн 159,9 мың теңге;- Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық кірістер – 464 млрд 429 млн 443 мың теңге;- Қазақстан заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де түсімдер мен кірістер – 1 млрд 910 млн теңге.

Сонымен қаңтар маусым аралығында Ұлттық қорға 2,6 трлн теңгеден астам түсім кірсе, дәл осы аралықта 2 трлн 455 млрд 798 млн 866,3 мың теңге пайдаланылған. Нақтырақ айтсақ, 1 трлн 589 млрд теңгесі кепілдендірілген трансферт ретінде, 861 млрд теңгесі мақсатты трансферт ретінде жұмсалған.

Осылайша Ұлттық қорда 1 маусымдағы жағдай бойынша 29 трлн 304 млрд 453 млн 918,9 мың теңге қалып отыр. Сонда жарты жылда Ұлттық қордың ақшасы 189,7 млрд теңгеге көбейген.

Ұлттық қор 464,4 млрд теңге Инвестициялық табыс

Тақырыпқа жаңалықтар