Ұлттық құрама футболшыларын әуежайдан күтіп алды
Астана әуежайынан футболшыларды салтанатты қарсы алу рәсіміне астаналықтармен бірге, спортшылардың туған-туыстары, достары және жанкүйерлер қатысты, - деп хабарлайды Arbat.media.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев құттықтау сөз сөйлеп, бүкіл командаға жасыл алаңдағы жанкешті ойыны үшін алғысын білдірді.
«Сіздер бүкіл қазақ халқына, тіпті футболдан, жалпы спорттан алыс жандарға естен кетпес ерекше әсер, эмоция сыйладыңыздар. Өз ойындарыңыз арқылы жанкүйерлердің отандық футболға деген сенімін қайтарып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін көтердіңіздер. Кеше түнде бүкіл ел ұйықтамай, сіздер үшін теледидар алдында тақым қысып, жанкүйер болды. Сіздер бұл додада үлкен ерлік жасап, қазақ халқын бір мақсат аясына ұйыстыра алдыңыздар. Бұл ерліктеріңіз көпке үлгі, мыңдаған жас бала сіздер сияқты болуды, болашақта ұлттық құрама сапында ойнауды армандайды. Қазақ халқына үлкен қуаныш сыйлағандарыңызға көп рахмет, жігіттер!», - деді министр.
Футболшыларды қарсы алуға жанкүйерлер де ерекше дайындықпен келді. Олар жігіттерге жігер беретін сөздер жазылған баннерлерді ұстап, құрмет ретінде жанды дәліз жасап, сап түзеді.
Сонымен қатар футболшылар мен жаттықтырушылар штабы барлық жанкүйерге іріктеу кезеңіндегі ойындар бойы қолдау білдіргені үшін алғыс білдірді. Команда топтағы шешуші матчты сырт алаңда өткізгеніне қарамастан, футболшылар осы түні бүкіл елдің қолдауын сезгенін атап өтті.